АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 24-ракеткасы Анна Данилина Ноттингем (Ұлыбритания) WTA 250 турнирінің жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыстың бірінші ракеткалары болып тіркелген А.Данилина мен қытайлық Сюй Ифань ширек финалда грузиялық Натела Дзаламидзе - америкалық Сабрина Сантамариямен шеберлік байқасты.
Қазақстандық-қытайлық жұп 5:7, 7:6 (12:10), 10:7 есебімен жеңіске жетті.
Екі сағатқа созылған тартысты матчта олар 2 эйс жасап, 3 брейк-пойнтты түгел пайдаланды.
Анна Данилина мен Сюй Ифань финалға шығу үшін норвегиялық Ульрикке Эйкери – эстониялық Ингрид Нилмен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың Пуэрто-Рикодағы турнирдің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Недовесов Нидерландтағы жарыстың жартылай финалына шықты.
Андрей Голубев Италиядағы жарыстың жартылай финалына өтті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).