Анна Данилина Ноттингем турнирінің жартылай финалына өтті

Фото: olympic.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 9-ракеткасы Анна Данилина Ноттингем (Ұлыбритания) WTA 250 турнирінің ширек финалына шықты.

Жарыстың 4-ракеткалары болып тіркелген А.Данилина – жапониялық Эна Сибахара ширек финалда чехиялық Анастасия Децюк – нидерландылық Бибиана Схофспен бетпе-бет келді.

Матчты чехиялық-нидерландылық жұп сәтті бастады – 3:0. Соған қарамастан, Данилина – Сибахара таразы басын теңестіріп, тай-брейкте табандылық көрсетті – 7:6 (7:5).

Екінші сетте қазақстандық-жапониялық дуэт бірден 2:0 есебімен алға шықты. Ақыры матчты тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:3.

Бір сағат 26 минутқа созылған бәсекеде Данилина – Сибахара 2 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Қарсылас жұп 2 брейкпен (4 брейк-пойнт) шектелді.

Анна Данилина – Эна Сибахара финалға шығу үшін доданың 1-ракеткалары, Қытай Тайбэйінің өкілі Се Шувэй – қытайлық Чжан Шуай немесе жапониялық Эри Ходзуми – индонезиялық Алдила Сутджиади жұптарының қай жеңгенімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Галле жарысында Александр Бубликтің әлемнің 1-ракеткасын жеңіп кеткенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Зарина Дияс Испаниядағы жарыстың жартылай финалына шықты.