Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 54-ракеткасы Анна Данилина Окленд (Жаңа Зеландия) WTA 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды Kazinform.
Жарыстың 2-ракеткалары болып тіркелген А.Данилина словакиялық Виктория Грунчаковамен бірге бастапқы кездесуін аустралиялықтар Элизия Болтон – Александра Бозовичпен өткізді.
Бір сағатқа жетпейтін уақыт ішінде қазақстандық-словакиялық дуэт 6:3, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Олар 2 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсылас дуэт 2 эйс, 1 брейкпен көзге түсті.
Анна Данилина – Виктория Грунчакова жартылай финалға шығу үшін қытайлықтар Юань Юэ – Сю Ванмен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Евсеевтің Канберрада екінші айналымға өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).