АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Анна Данилина Ролан Гаррос турнирінің финалында өнер көрсетті.
Қазақстандық теннисші сербиялық Александра Круничпен бірге соңғы бәсекеде жарыстың 2-ракеткалары, италиялықтар Сара Эррани - Жасмин Паолинимен кездесті.
Бірінші партияда италиялық жұп 6:4 есебімен басым түсті. Екіншісінде қазақстандық-сербиялық дуэт есе қайырды - 6:2. Шешуші, үшінші сетте италиялықтар дес бермеді - 6:1.
Екі сағат 15 минутқа созылған тартысты матчта Данилина - Крунич 2 эйспен бірге 9 брейктің үшеуін пайдаланды. Эррани - Паолини 4 брейкпен (13 брейк-пойнт) көзге түсті. Осылайша, Анна Данилина Ролан Гарроста сәтті өнер көрсетіп, спорттық жолында алғаш рет финалға дейін жетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гарроста Анна Данилинаның жұптық сында финалға жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).