Қазақстандық теннисші сербиялық Александра Круничпен бірге «Үлкен дулыға» турнирінің 2-ракеткасы болып тіркелген еді.
Финалда қазақстандық-сербиялық жұп Ролан Гаррос жарысының 1-ракеткалары, чехиялық Катерина Синякова – америкалық Тейлор Таунсендпен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Қарсыластар осыған дейін өзара үш рет кездесіп, соның екеуінде А.Данилина – А.Крунич жеңіске жеткен еді.
А.Данилина спорттық жолында 2023 жылы миксте АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы атанған еді. Алайда «Үлкен дулыға» турнирлерінде жұптық сында үш рет финалға шыққанымен, соңғы бәсекеде жеңіліп қалған болатын.
Бұл жолы бірінші партияда есеп 2:2 болған мезетте Синякова – Таунсенд брейк жасай білді – 4:2. Содан кейін тағы бір брейкке қол жеткізді – 6:2.
Екінші сетте Данилина – Крунич 3:0, 4:1 есебімен алға кеткенімен, сол басымдылықты сақтай алмады – 5:7.
Бір сағат 32 минутқа созылған бәсекеде А.Данилина – А.Крунич 6 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Синякова – Таунсенд 1 эйс, 4 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, А.Данилина «Үлкен дулыға» турнирінде төртінші финалда жеңіліп қалды. Биылдың өзінде ол Аустралия ашық чемпионатының финалына дейін жеткен еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гаррос турнирінде Анна Данилинаның екінші жыл қатарынан финалға шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ Елена Рыбакина Лондон жарысында өнер көрсетеді.