АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 48-ракеткасы Анна Данилина Яссы (Румыния) WTA 250 турнирінің жартылай финалына жолдама алды.
Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген А.Данилина мен ресейлік Ирина Хромачева ширек финалда ресейліктер Мирра Андреева — Софья Лансеремен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда ресейлік дуэт басымдылық көрсетті — 6:3. Бұдан кейін Данилина — Хромачева жеңіске деген жігерлерін таныта білді — 6:2.
Сосын супер тай-брейкте 2:5 есебімен ұтылып жатып, есе қайтара алды — 10:7.
Бір сағат 23 минутқа созылған бәсеке барысында екеуі 4 брейк-пойнттың үшеуін құр жібермеді. Андреева — Лансере 1 эйс, 2 брейктен (6 брейк-пойнт) аса алмады.
Анна Данилина — Ирина Хромачеваның жартылай финалдағы қарсыластары кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Астанада 16 жасар Әмір Омархановтың ересек қарсыласын ұтқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).