Анна Данилина Румыниядағы турнирдің финалында ойнайды

Фото: Sports.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 48-ракеткасы Анна Данилина Яссы (Румыния) WTA 250 турнирінің финалына шықты.

Жарыстың 1-ракеткалары А.Данилина – ресейлік Ирина Хромачева жұбы жартылай финалда италиялық Анджелика Морателли – америкалық Сабрина Сантамариямен сынға түсті.

Қазақстандық-ресейлік дуэт қарсыластарын 6:2, 6:4 есебімен тізе бүктірді. Бір сағат 15 минутқа созылған матчта екеуі 3 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Морателли – Сантамария 3 брейк-пойнттың біреуін ғана өз есептеріне жазды.

Анна Данилина – Ирина Хромачева финалда доданың 2-ракеткалары, ресейліктер Александра Панова – Яна Сизиковамен чемпиондық атақты сарапқа салады. 

Соңғы бәсеке 26 шілдеге белгіленген. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Сандуғаш Кенжебаеваның Астана жарысының ширек финалына өткенін жазған болатынбыз.