Анна Данилина Румыниядағы WTA 250 турнирінде топ жарды

Фото: Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 48-ракеткасы Анна Данилина Яссы (Румыния) WTA 250 турнирінің чемпионы атанды.

Қазақстандық теннисші ресейлік Ирина Хромачевамен бірге жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген еді. Сол атағын ақтаған қазақстандық-ресейлік жұп финалда доданың 2-ракеткалары, ресейліктер Александра Панова – Яна Сизиковамен бас жүлдені сарапқа салды.

Бірінші партияда Данилина – Хромачева брейк жасап, есепті 5:3-ке жеткізді. Бұдан кейін ресейлік дуэт қайыра брейк жасады. Дегенмен Анна мен Ирина сетті тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:4. 

Екінші сетте қазақстандық-ресейлік жұп 3:0 есебімен алға шықты. Ресейліктер есепті қысқартқанымен, Анна Данилина – Ирина Хромачева матчты жеңіспен аяқтады – 6:2. Бір сағат 17 минутқа созылған бәсеке барысында екеуі 13 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жібермеді.

Қарсыластары 1 эйс, 2 брейкпен шектелді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Париж Олимпиадасында неге ойнамайтынын түсіндіргенін жазған болатынбыз.

Әмір Омарханов Астанадағы жарыстың жартылай финалына шықты.