АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 48-ракеткасы Анна Данилина Яссы (Румыния) WTA 250 турнирінің чемпионы атанды.
Қазақстандық теннисші ресейлік Ирина Хромачевамен бірге жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген еді. Сол атағын ақтаған қазақстандық-ресейлік жұп финалда доданың 2-ракеткалары, ресейліктер Александра Панова – Яна Сизиковамен бас жүлдені сарапқа салды.
Бірінші партияда Данилина – Хромачева брейк жасап, есепті 5:3-ке жеткізді. Бұдан кейін ресейлік дуэт қайыра брейк жасады. Дегенмен Анна мен Ирина сетті тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:4.
Екінші сетте қазақстандық-ресейлік жұп 3:0 есебімен алға шықты. Ресейліктер есепті қысқартқанымен, Анна Данилина – Ирина Хромачева матчты жеңіспен аяқтады – 6:2. Бір сағат 17 минутқа созылған бәсеке барысында екеуі 13 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жібермеді.
Қарсыластары 1 эйс, 2 брейкпен шектелді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Париж Олимпиадасында неге ойнамайтынын түсіндіргенін жазған болатынбыз.
Әмір Омарханов Астанадағы жарыстың жартылай финалына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).