Анна Данилина Торонто турнирінің екінші айналымына өтті

Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 48-ракеткасы Анна Данилина Торонто (Канада) WTA 1000 турнирін сәтті бастады.

Қазақстандық теннисші чехиялық Мария Боузковамен бірге алғашқы айналымда мажарстандық Тимея Бабош – украиналық Надежда Киченоктың меселін қайырды.

Қазақстандық-чехиялық жұп 6:1, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Бір сағат 20 минутқа созылған бәсеке барысында екеуі 3 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жібермеді. Мажарстандық-украиналық дуэт 4 эйс, 1 брейкті қанағат тұтты.

Анна Данилина – Мария Боузкова ірі жарыстың ширек финалына шығу үшін канадалықтар Ариана Арсено – Мия Купреспен таласады.

Қазақстанның жекелей сындағы бірінші ракеткасы Александр Бублик америкалық Бен Шелтонмен бірге Монреаль (Канада) мастерс додасының ширек финалына шыға алмады. Олар екінші айналымда ұлыбританиялық Джек Дрэйпер – италиялық Янник Синнерге жол берді – 6:7 (2:7), 1:6.

Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 220-орындағы Бейбіт Жұқаев Линкольн (АҚШ) челленджер жарысының екінші айналымында әлемнің 134-ракеткасы, қытайлық Бу Юньчаокэтэдан 3:6, 2:6 есебімен ұтылып, ширек финалдан тыс қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Колумбиядағы жарыстың ширек финалына шыққанын жазған едік.