Анна Данилина төртінші жарыс қатарынан финалға жолдама алды

Фото: olympic.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 9-ракеткасы Анна Данилина Истбурн (Ұлыбритания) WTA 250 турнирінің финалына шықты.

Қазақстандық теннисші осыған дейін Ролан Гаррос, Лондон WTA 500 және Ноттингем 250 турнирлерінің финалына шыққан еді.

Данилина бұл жолы чехиялық Мари Боузковамен бірге жартылай финалда ұлыбританиялықтар Хэрриет Дарт - Майя Лумсденмен шеберлік байқасты. 

Бірінші партияда ұлыбританиялық дуэт 6:2 есебімен басым түсті. Екіншісінде Данилина - Боузкова есе қайырды - 7:5. Содан кейін супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды - 11:9.

Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсекеде екеуі 1 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Ұлыбританиялық жұп 4 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.

Қазақстандық-чехиялық дуэттің келесі қарсыластары кейін анықталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Ұлыбританиядағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған едік.