АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 9-ракеткасы Анна Данилина Истбурн (Ұлыбритания) WTA 250 турнирінің финалына шықты.
Қазақстандық теннисші осыған дейін Ролан Гаррос, Лондон WTA 500 және Ноттингем 250 турнирлерінің финалына шыққан еді.
Данилина бұл жолы чехиялық Мари Боузковамен бірге жартылай финалда ұлыбританиялықтар Хэрриет Дарт - Майя Лумсденмен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда ұлыбританиялық дуэт 6:2 есебімен басым түсті. Екіншісінде Данилина - Боузкова есе қайырды - 7:5. Содан кейін супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды - 11:9.
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсекеде екеуі 1 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Ұлыбританиялық жұп 4 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.
Қазақстандық-чехиялық дуэттің келесі қарсыластары кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Ұлыбританиядағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).