АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 8-ракеткасы Анна Данилина Уимблдон турнирінің екінші айналымына шықты.
Қазақстандық теннисші чехиялық Мари Боузковамен бірге осының алдында Истбурн (Ұлыбритания) WTA 250 жарысында жеңімпаз атанған еді. Бұл жолы оларға Польша өкілі Катаржина Питер – мысырлық Маяр Шериф тап келді.
Бірінші партия барысында қарсыластар брейк алмасты. Есеп 4:3 болғанда, Данилина – Боузкова брейк жасап, өз геймін де құр жіберген жоқ – 6:3.
Екінші сетте есеп 3:3 болған мезетте Данилина сәтті соққы жасап, брейкке жол ашты. Ақыры қазақстандық-чехиялық дуэт матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:3.
Бір сағат 13 минутқа созылған бәсекеде Данилина – Боузкова 1 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Питер – Шериф 1 эйс, 1 брейктен (2 брейк-пойнт) аса алмады.
А.Данилина – М.Боузкованың келесі қарсыластары кейін белгілі болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Қытайдағы турнирде бір күнде екі жеңіске қол жеткізгенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).