АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 9-ракеткасы Анна Данилина Истбурн (Ұлыбритания) WTA 250 турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Бұл жолы Анна Данилина чехиялық Мари Боузковамен бірге алғашқы айналымда жарыстың 3-ракеткалары, испаниялық Кристина Букша – жапониялық Мию Катомен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда қазақстандық-чехиялық дуэт 7:5 есебімен басым түсті. Екінші сетте Данилина - Боузкова 3:1 есебімен алға кетті. Бірақ матчқа доп бергенде, мүмкіндігін пайдалана алмады. Дегенмен тай-брейкте есесін жібермеді - 7:6 (7:4).
Бір сағат 42 минутқа созылған бәсекеде Данилина - Боузкова 8 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Букша - Като 1 эйс, 2 брейкпен (11 брейк-пойнт) шектелді.
Қазақстандық-чехиялық жұп жартылай финалға шығу үшін ұлыбританиялықтар Джоди Бёррэдж – Сонай Карталмен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдонның іріктеу турнирінде Бейбіт Жұқаевтың алғашқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).