Анна Данилина Ұлыбританиядағы жарыста топ жарды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 9-ракеткасы Анна Данилина Истбурн (Ұлыбритания) WTA 250 турнирінің чемпионы атанды.
Осыған дейін Ролан Гаррос, Лондон, Ноттингем жарыстарында финалға дейін жеткен қазақстандық теннисші бұл жолы чехиялық Мари Боузковамен бірге бақ сынаған еді.
Қазақстандық-чехиялық жұп соңғы бәсекеде аустралиялық Майя Джойнт — Қытайлық Тайбэй өкілі Се Шувэймен бас жүлдені сарапқа салды.
Бүгін әлемнің 51-ракеткасы, 19 жастағы М.Джойнт жекелей сында финалда рейтингіде 74-орындағы филиппиндік Александра Эаланы 6:4, 1:6, 7:6 (12:10) есебімен ұтып, чемпион атанды. Тартысты өткен матч 2 сағат 38 минутқа созылды.
Осыдан кейін іле-шала М.Джойнтқа жұптық сында кортқа шығуға тура келді.
Бірінші партияда Данилина — Боузкова 2:0, 4:2 есебімен алға шыққанымен, Джойнт — Шувэй таразы басын теңестірді. Дегенмен қазақстандық-чехиялық дуэт тағы бір брейкпен бірге өз геймін де алды — 6:4.
Екінші сетте есеп 1:1 болған мезетте Данилина — Боузкова брейк жасағанымен, қарсыластары ұзатпады — 2:2. Содан кейін есеп 5:3 болып, аустралиялық-тайбэйлік жұп сетке доп бергенімен, ол мүмкіндігін пайдалана алмады. Ақыры Данилина — Боузкова дегеніне жетті — 7:5.
Бір сағат 23 минутқа созылған бәсекеде Анна Данилина — Мари Боузкова 3 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың бесеуін құр жібермеді. Джойнт — Шувэй 2 эйс, 3 брейкпен (10 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Осылайша, А.Данилина Уимблдон алдында Истбурнда топ жарды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Сербиядағы турнирде чемпиондық атақ үшін таласатынын жазған едік.