Анна Данилина US Open турнирін жеңіспен бастады

Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 48-ракеткасы Анна Данилина АҚШ ашық чемпионатының екінші айналымына шықты.

Қазақстандық теннисші ресейлік Ирина Хромачевамен бірге бастапқы кездесуін америкалықтар Катерина Грант – Ива Йовичпен өткізді. Тартысты өрбіген бірінші партияда қазақстандық-ресейлік жұп тай-брейкте әбжілдік танытты – 7:6 (8:6).

Екіншісінде америкалық дуэт есе қайырды – 7:5. Үшінші, шешуші сетте Данилина – Хромачева жеңісті жұлып алды – 6:2.

Екі сағат 20 минутқа созылған бәсеке барысында Анна мен Ирина 2 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың алтауын өз есептеріне жазды. Эйс жасамаған америкалықтар 12 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды.

Биылғы мамырдан бері бірге ойнап келе жатқан Анна Данилина – Ирина Хромачева 1/8 финалға шығу үшін АҚШ чемпионатының 4-ракеткалары, америкалықтар Кэролайн Доулхайд – Дезайри Кравчукпен таласады.

А.Данилина финляндиялық Харри Хелиоваарамен бірге аралас жұпта да өнер көрсетеді. Олар алғашқы айналымда жарыстың 1-ракеткалары, канадалық Габриэла Дабровски – ұлыбританиялық Джо Солсберимен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында Юлия Путинцеваның қытайлық қарсыласын жеңіп, үшінші айналымға шыққаны жазған болатынбыз.

Елена Рыбакина US Open турнирінен неге бас тартқанын түсіндірді.