НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Анна Данилина Варшава WTA-250 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыстың 4-ракеткалары болып тіркелген А.Данилина мен германиялық Анна-Лена Фридзам жартылай финалда Польша өкілі Майя Хвалинска – чехиялық Джесика Малечковамен шеберлік байқасты.
Бірінші партия тағдыры тай-брейкте шешіліп, қазақстандық-германиялық жұп басымдылық танытты – 7:6 (7:3).
Екінші сетте Данилина мен Фридзам қарсыластарына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0. Олар сағат жарымға жуық уақытқа созылған кездесу барысында 9 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды.
Қазақстандық-германиялық дуэт финалда доданың 2-ракеткалары, польшалықтар Катажина Кава – Алисия Росольскамен бас жүлдені сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Варшава жарысының жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.
Фото: ktf.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).