Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 54-ракеткасы Анна Данилина Окленд (Жаңа Зеландия) WTA 250 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды Kazinform.
Жарыстың 2-ракеткалары болып тіркелген А.Данилина словакиялық Виктория Грунчаковамен бірге ширек финалда қытайлықтар Юань Юэ — Сю Ванмен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда брейк жасаған қазақстандық-словакиялық жұп сол басымдығын сақтап қалды — 6:4.
Екінші сетте қытайлық дуэт 3:1 есебімен алға кеткенімен, мәселе тай-брейкте шешілді. Онда А.Данилина мен В.Грунчакова жеңісті жұлып алды — 7:6 (8:6).
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсеке барысында олар 2 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың төртеуін өз есептеріне жазды.
Қытайлықтар 3 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
Анна Данилина — Виктория Грунчакованың жартылай финалдағы қарсыластары кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Таиландтағы жарыстың ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).