Анна Данилина жұптық сында Гамбург турнирінің финалына шықты

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Анна Данилина Гамбург (Германия) WTA 250 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ресейлік Александра Пановамен бірге жартылай финалда италиялықтар Ангелика Морателли – Камилла Розателломен бақ сынасты.

Бірінші партияда италиялық жұп сәтті ойнады – 6:3.

Екінші сетте тай-брейкте қазақстандық-ресейлік дуэт есе қайырды – 7:6 (7:5). Содан кейін супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 10:3.

Екі сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында Анна мен Александра 12 брейк-пойнттың тек үшеуін пайдаланды. Қарсыластары 3 эйс, 4 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.

Анна Данилина – Александра Панова финалда доданың 2-ракеткалары, чехиялық Мириам Колодзиэева – америкалық Анжела Куликовамен бас жүлдені сарапқа салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Хорватиядағы жарыстың ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Бейбіт Жұқаев Эквадордағы турнирдің ширек финалына өтті.

Президент кубогында Денис Евсеев ширек финалға шыққандар қатарына қосылды.