АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Анна Данилина Гамбург (Германия) WTA 250 турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші мен ресейлік Александра Панова финалда чехиялық Мириам Колодзиэева – америкалық Анжела Куликовамен бас жүлдені сарапқа салды.
Бірінші партияда қазақстандық-ресейлік жұп 6:4 есебімен басым түсті.
Екінші сетте де 3:1 есебімен алға кетті. Тағы бір брейк – 5:2. Содан кейін матчқа доп бергенде, мүлт кеткен жоқ – 6:2.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Данилина мен Панова 1 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Қарсылас дуэт 3 брейкпен (6 брейк-пойнт) шектелді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Президент кубогында Денис Евсеевтің финалға жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).