Аномальді ыстық: Италияның бірқатар қаласында ауа райы төтенше сипат алды

Фото: Pixabay.com

АСТАНА.KAZINFORM — Италияның 16 қаласында аномальді ыстыққа байланысты қауіптіліктің қызыл деңгейі жарияланды, деп жазды Азертадж.

Африкалық антициклонның күшеюіне байланысты Италияда күн шыжып тұр. 

Қауіптіліктің қызыл деңгейі жарияланған қалалар қатарына ел астанасы Рим, сондай-ақ Болонья, Больцано, Брешиа, Кампобассо, Флоренция, Фрозиноне, Генуя, Латина, Милан, Перуджа, Риети, Турин, Венеция, Верона және Витербо кіреді.

Алдағы күндері елде ауа температурасы 40 градустан жоғары болады деп күтілуде. Созылмалы аурулары бар адамдарға, әсіресе жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққандарға және жоғары сезімталдығы бар азаматтарға сақтық шараларын қатаң ұстану ұсынылады.

Халыққа көлеңкеде болу, күннің екінші жартысында сыртқа шықпау кеңес етіледі.

Ал Иракта рекордтық аптап ыстықтан электр жүйесі істен шықты.