Тиісті тапсырмалар наркологиялық көмекті дамыту мәселелері жөніндегі кеңес қорытындысы бойынша берілді.
️Бүгінде негізгі мәселелердің бірі — азаматтардың мамандандырылған көмекке тым кеш жүгінуі. Диагноздың жария болуы, диспансерлік есепке қойылу немесе әлеуметтік салдарларға қатысты алаңдаушылық көптеген адамның емделуден бас тартуына себеп болып отыр. Соның салдарынан олар білікті медициналық көмексіз қалып немесе бейресми әрі бақылаусыз қызмет көрсететін құрылымдарға жүгінеді.
Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі еліміздің барлық өңірінде анонимді наркологиялық көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етуді міндет етіп қойды. Ведомство басшысы Ақмарал Әлназарова 1 қыркүйекке дейін мұндай кабинеттер жоқ өңірлерде анонимді наркологиялық консультация беру кабинеттерін ашуды және осындай көмекті көрсетуге қажетті инфрақұрылымды қалыптастыруды тапсырды.
— Біздің міндетіміз — әрбір адамның айыптаудан немесе жеке мәліметтерінің жария болып кетуінен қорықпай, дер кезінде көмекке жүгіне алатын жағдай жасау. Тәуелділік — кәсіби медициналық көмекті қажет ететін ауру, оны стигматизациялауға негіз болмауы тиіс. Пациентпен жұмыс неғұрлым ерте басталса, емнің сәтті өтуі мен оның қалыпты өмірге оралу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады, — деп атап өтті министр.
Ведомствоның мәліметінше, қолданыстағы статистика тәуелділік мәселесінің нақты ауқымын толық көрсетпейді. Тәуелділігі бар адамдардың едәуір бөлігі денсаулық сақтау жүйесінің назарынан тыс қалып отыр. Мамандардың бағалауынша, халықтың шамамен 25%-ы қауіп тобына жатады және дер кезінде кеңес беруді, профилактикалық қолдауды әрі тәуелділік факторларын ерте анықтауды қажет етеді.
Осыған байланысты Министрлік тәуелділіктің салдарымен күресуден оның алдын алуға және ерте анықтауға басымдық беруді жоспарлап отыр. Бұл үшін ведомствоаралық өзара іс-қимыл күшейтіліп, қауіп топтарын анықтау тетіктері жетілдіріледі, сондай-ақ наркологиялық ауруларды мониторингтеудің неғұрлым объективті тәсілдері енгізіледі.
Жасөспірімдер мен жастарға ерекше көңіл бөлінеді. Министрлік кәмелетке толмағандарға анонимді консультация алу мүмкіндігін кеңейтуді, медициналық ақпаратты кодтау жүйесін жетілдіруді және қауіпті мінез-құлықты ерте анықтаудың тиімді тетіктерін қалыптастыруды тапсырды.
— Тапсырмалардың жеке блогы наркологиялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтуға арналған. Өңірлік денсаулық сақтау басқармалары мен медициналық ұйымдардың басшыларына қажетті қаржыландыру деңгейін қамтамасыз ету, бейінді орталықтардың материалдық жарақтандырылуын жақсарту және мамандандырылған көмек көрсету үшін заманауи жағдай жасау жүктелді, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар Министрлік медициналық куәландыру жүргізуге бақылауды күшейтуді жоспарлап отыр. Әсіресе алкогольдік мас болуды анықтау рәсімдерінің және сараптамалардың белгіленген тәртіпке сай өткізілуіне, зерттеу нәтижелерінің объективтілігіне, рәсімдерді міндетті түрде бейнетіркеуге және ел аумағында бірыңғай жұмыс стандарттарын енгізуге ерекше назар аударылады.
Аталған шараларды іске асыру наркологиялық көмектің қолжетімділігін арттыруға, қызметтің профилактикалық бағытын күшейтуге, тәуелділіктерді ерте анықтауға және халықтың психикалық денсаулығын сақтау саласындағы денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұған дейін депутат сынынан кейін ДСМ елдегі наркологиялық орталықтарды қатаң тексеріске алғанын жазған едік.