«Әнші әнін айтсын, журналист бағдарламасын жүргізсін!» - М.Түсіпбаева

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әнші Меруерт Түсіпбаева «Астана» арнасының «Сырласу» бағдарламасында әншілердің тележүргізушілікпен айналысатынын қатаң сынады, деп хабарлайды Baistars.kz.

«Етікші - етік тіксін, журналист - бағдарлама жүргізсін. Қазірде әншілер бағдарлама жүргізеді: не дикция жоқ, не ой жоқ, не интеллект жоқ. Түрі әдемі әншілерді жүргізуші қылып қояды, ал олар болса не айтып отырғанын өздері де білмейді. Неге ол мұндай қызметте отырады? Өйткені ол танымал, ал журналист танымал емес. Атам заманнан бағдарламаны журналистер жүргізетін, өздері жүргізсін. Әнші әнін айтсын, биші биін билесін, қаржыгер ақша санасын. Мемлекетіміздің рухани ақсап жататынының бір себебі де осы», - деді Меруерт Түсіпбаева.

Сонымен қатар, ол өнерге сырттан келетін өнерпаздарды жақтырмайтынын білдірді.

«Біз өнер жолына түсуден бұрын білім алдық: колледж, академия, аспирантура. Әр сатыдан өттік. Ал өнерде жүрген кей адамдар нотаны да білмейді. Одан: «Тоника, субдоминанта, доминанта деген не?» - деп сұрашы - білмейді.

Эстрадада ғана емес, кинода да сырттан келген адамдар көп. Неге біздің қазақтың киносына көп көрермен қызықпайды? Өйткені киноға, сериалға сырттан адамдарды әкеле салады. Бізде осы қазақбайшылық жайлаған. Өнерде осы болмаса екен деймін», - деді Түсіпбаева.

Соңғы кездері актерлік қырымен де танылып жүрген әртіс Қазақстанда киноиндустрия дамыса, эстрададан мүлде кеткісі келетінін де жасырмады.