Әнші Талғат Жорабаев әке атанды
00:13, 05 Тамыз 2015
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жорабаевтар отбасында үлкен қуаныш орын алды. Әнші Талғат Жорабаев тұңғыш рет әке атанды. Өнер иесіне сүйікті жары шекесі торсықтай ұл сыйлады.
Талғат осыдан бір жыл бұрын отбасын құрып, Аяулым атты ақ құсын қолына қондырған. Тойларын Шымкент қаласында жасаған болатын.
Халықтан жақсы жаңалықтың сүйіншісін Алтынай Жорабаева сұрап үлгерді.
«Сүйінші! Талғатым әке, Аяулымым ана атанды! Алланың қалауымен дүниге шекесі торсықтай ұл келді!» деп жазды Алтынай Инстаграммдағы парақшасына.