Айта кетерлігі, шараға қатысушылардың бірі Айнұр Көпбасаровадан қазіргі уақытта телеарнадағы бағдарлама жүргізушілерінің орнын өнер адамдарының алмастырып жатқандығына қатысты пікірін сұраған еді.
«Шынымды айтсам сол әншілердің, өнер адамдарының бағдарлама жүргізуіне себепші болған, соған жол берген адамдардың бірімін. Өйткені, 2011 жылы «Таң қалмаңыз» деген бағдарламамыз болған. Ал сол кездері қазақша бағдарламаға ақша табу өте қиын еді. Соған қарамастан біз «Таң қалмаңызға» демеуші тауып, шын мәнінде заманға сай, рейтингі жоғары бағдарлама жасадық. Ал сол рейтингті көтеру үшін ең бірінші болып әншілерді, актерлерді жүргізушілікке шақырған едік», - деді ол.
Оның пайымынша, егер де әншінің, өнер адамының, актердің айтар ойы, көрсетер бағдары болса, сол бағдарламада ізі анық қалатын болса, онда оларға жүргізуге мүмкіндік берген жөн.
«Бірақ, кейінгі кезде біздің көптеген бағдарламаларымызды жүргізуге журналистерге қарағанда әнші, актерлер көп шығуда. Оны дұрыс емес деп айта алмаймын. Себебі ізашарларының бірі болдық. Дұрыс деп те айта алмаймын. Өйткені, кейінгі кезде шынымен де ол дүние бар... Жалпы, бәрі журналистердің қолында. Олар керемет бағдарлама жасап, көгілдір экран арқылы адамға ой саларлық дүние жасар болса, оған ешкім де қой деп жатқан жоқ», - деді Айнұр Көпжасарова.
Шара барысында Серік Ақышев, Ләйлә Сұлтанқызы, Михаил Дорофеев сынды елімізге есімі белгілі журналистер жетістікке жету жолдарымен бөлісті.
Естеріңізге сала кетсек, Astana Media Week атты медиа-апталық бірінші рет өткізілуде. Апталықтың басты мақсаты - медиа нарығына қатысушылардың басын біріктіріп, ортақ бір алаңда жинау, өзекті ортақ мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдарын ұсыну. Шара негізінен үш күннің ішінде өтеді. Бірінші күн «Контент-маркет» деп аталды. Шараның екінші күнінде «Astana Digital Forum» форумы өтеді. Онда электронды интернет-басылымдардың жай-күй талқыға түсіп, қазіргі күннің өзекті тенденциялары - электронды сауда, криптовалютаға көшу сынды мәселелер көтеріледі. Ал үшінші күні «Өңірлік БАҚ» форумы өтіп, баспа, БАҚ-тың жай-күйі, өзекті мәселелері, оларды сақтап қалу, аймақтық деңгейдегі мәселелерді көтеру, БАҚ саласындағы заңнамалар, өзгерістер, журналистика әдебі сынды мәселелер қозғалады. Сонымен қатар осы іс-шараның аясында Қазақстан баспасөз клубының ұйымдастыруымен «PR күні» ұйымдастырылады.