Аңшылық күнтізбесі: қай аңды қай кезде аулауға болады?
Әр аңшылық маусымында Ауыл шаруашылығы министрлігі заң талаптарына сәйкес, биоалуантүрлілікті сақтау мақсатында қай аң-құсты қай кезде аулауға болатынын белгілейді. Ал Экология және табиғи ресурстар министрлігі аңшылыққа рұқсат етілетін жануарлардың түрлері мен олардың сандық лимитін айқындайды.
Лимит дегеніміз — белгілі бір кезеңде аулауға рұқсат етілген аң-құс саны. Ведомство мәліметінше, биыл елімізде 1 375 марал, 1 500 киік, 235 елік және 17 029 борсық аулауға лимит бекітілген.
Құс түрлерінен 480 қаз, 515 үйрек, 30 кекілік атуға болады. Бұдан бөлек, аңшылыққа рұқсат етілген өзге де жануарлар мен құстардың түрлері бар.
Әр аң-құстың өзіне белгіленген маусымы бар, одан тыс уақытта мылтық кезенуге рұқсат жоқ. Қай аң-құсты қай кезде аулауға болатынын назарларыңызға кесте түрінде ұсындық.
Түз тағылары: қорғау, бақылау және аң аулау тәртібі
Ресми дерекке сүйенсек, жыл басында елімізде 145 425 аңшы тіркелген. Бір ауданның халқымен пара-пар бұл қауымның аң аулау тәртібін сақтап, табиғатқа жауапкершілікпен қарауын қадағалау да маңызды. Бұл ретте мемлекеттік органдардан бөлек, аңшылармен тығыз жұмыс істейтін ресми тіркелген бес қауымдастық бар. Соның бірі — «Аяла» ұлттық қауымдастығы. Бүгінде оның қатарында мыңнан астам мүше бар.
Бұл қауымдастық өкілдері аңшыларға бағыт-бағдар беріп қана қоймай, қорықшылар секілді аң-құсты қорғауға да атсалысады. Сондай-ақ аңшылық ережелерін сақтауға үндейді.
- Аңшылық шаруашылығында жабайы жануарларды қорғап, аң аулау тәртібінің сақталуын қадағалаймыз. Аңшылар алдымен жолдама алып, қажетті құжаттарын рәсімдеуі керек. Ал қабан, елік, марал, тау теке сияқты жануарларды аулаған кезде қорықшының бірге жүруі талап етіледі. Біз аңның түрін, шамамен жасын және жынысын анықтап, оны аулауға рұқсат етілгенін бе, жоқ па тексереміз. Содан кейін ғана аңшыға атуға болатынын немесе болмайтынын айтамыз. Мұның бәрі аңшылық тәртібін сақтап, жабайы жануарларды қорғау үшін қажет, — деді «Ayala» ұлттық палатасының атқарушы директоры Батыржан Сейдомар.
Мемлекет белгілеген аң аулау лимиті аңшылық шаруашылықтары арасында бөлінеді. Әр олжа есепке алынып, рұқсат етілген саннан шегеріліп отырады. Аңшылық аумағын жете білмейтіндерге немесе жабайы жануарларды аулауға шыққандарға қорықшы жол көрсетеді. Бұл тұста арнайы ақылы қызметтер де бар екен.
- Бүгінде аңшыларды алаңдататын мәселенің бірі — аңшылық қызметтің құны. Кейбір шаруашылықтарда баға тым жоғары. Мәселен, Алматы облысында елік аулау құны 100 мың теңгеге дейін жетеді. Ал біздің қауымдастыққа қарасты шаруашылықтарда бұл қызмет 35 мың теңгеден басталады. Қабан аулау кей жерлерде 100–150 мың теңге тұрса, бізде 40–45 мың теңге шамасында, — дейді ол.
Түздегі тіршілік: құс салу мен аң қағудың тәртібі мен тәсілі
Күзде құс атып, аң аулайтын жандардың бірі — Санат Полат. Саятшылықты серік еткеніне биыл 13 жыл. Аңшылық маусымы басталғанда мерейі тасып, рұқсат қағазын алып, түзге бет алады. Кейде үш күн, үш түн бойы дала кезіп, құстың жолын аңдиды.
Санаттың аңшылыққа қажет қару жарағы түгел. Қолында жеті түрлі қосауызы бар. Оның төртеуі — тегіс ұңғылы, үшеуі — ойық ұңғылы мылтық. Әр қарудың мезгілге сай ерекшелігі бар екен. Аңшылық киімін де маусым басталмай тұрып жаңартып қояды. Ал аңның ізіне түсіп, құстың жолын аңдуға келгенде, жылдар бойы қалыптасқан өз тәсілдерін қолданады.
- Мен көбіне қаз, үйрек, қоян және елік аулауға шығамын. Үйрек аулағанда суға құстың пішініне ұқсас жасанды мүсіндер қойылады. Аңшы қамыс арасына жасырынып, құстың дауысын салып шақырады. Осылайша тұзақ жасаймыз. Ал қыста қоян аулауға шыққанда ақ түсті бүркемелеу киімін киемін. Киімнің түсі айналадағы табиғи ортаға сәйкес болуы керек, - дейді ол.
Аң аулаудың әдіс-тәсілі көп. Мәселен, кей аңшылар борсыққа аңду құрып, жасырынатын орын әзірлейді. Ал тұяқты жануарларды айналар арқылы жолынан адастыруға тырысады. Әркімнің өз тәсілі болғанымен, аңшылықтың шегі бар. Ең бастысы — ол қатыгездікке ұласпай, белгіленген тәртіп аясында өтуі керек.
- Аң аулау кезінде өздігінен атылатын қаруларды, түрлі қақпан мен тұзақтарды, ілмектерді, найзаларды және құсқа арналған желімді пайдалануға тыйым салынады. Сондай-ақ орларын қазуға, оларды түтінмен үркітіп шығаруға болмайды. Қоңыр аюды, тұяқты жануарлар мен құстарды қақпанмен ұстауға, қоршауға алып немесе тағамен аулауға да жол берілмейді. Бұдан бөлек, аңды мұзға, қалың қарға, жабысқақ сортаң топыраққа немесе шабылған қамысқа қарай қуып, қолға түсіруге тыйым салынған, - делінген Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің хабарламасында.
Аң тану — білім, дәл көздеу — шеберлік
Санат Полаттың айтуынша, көкте қалықтаған құс болсын, тау-тасты кезген аң болсын атудың өз қиындығы бар. Ал солардың ішінде қаз ату нағыз мергендіктің сыналар тұсы. Қанатын кең сермеп, зулап ұшқан құсты көздеп, дәл тигізу үшін тәжірибе мен ептілік қажет.
- Қаз, үйрек оңайлықпен қолға түспейді. Ол биікте ұшады, алыстан байқайды. Сондықтан қаз аулауға кейде үш-төрт күнге шығуға тура келеді. Аңшы құстардың ерекшелігін, қай кезде аулауға болатынын білуі керек. Кейбір құстардың тек аталығын атуға рұқсат етіледі. Олардың еркек не ұрғашы екенін түріне қарап қана ажыратуға болады. Мысалы, аталығының қауырсыны ашық түсті болса, аналығы көбіне сұрғылт не қоңыр түсті келеді, — дейді аңшы.
Қолына қару ұстағанның бәрі аңшы емес. Аң-құстың түрін ажыратып, аулау тәртібін білу үшін арнайы оқыту бағдарламасынан өту қажет. Өйткені сырттай бір-біріне ұқсайтын аң-құс көп.
Мәселен, кептерді көздеген адам байқамай түркептерді атып қоюы мүмкін. Әсіресе, күн сәулесімен шағылысқан аспанда құстарды бір-бірінен ажырату оңай емес. Сондықтан аңшыға қарудан бұрын білім керек. Әйтпесе, аңшылық ережесін бұзғаны үшін қалтасына салмақ түсуі мүмкін. Не болмаса, әу бастан қорықшының көмегіне жүгінген жөн.
Олжаға обал болмасын: аң аулаудың жауапкершілігі
Баяғының сал-серілеріндей құс салып, ит жүгіртпесе де, табиғат аясында сейіл құрып, аңға шығуды жаны сүйетін ер азаматтар аз емес. Алайда аңның ізіне түсіп, күн-түн демей түз кезіп, ақыры олжасын қолға түсіргенімен, етін азық етпейтіндер де бар.
Олар үшін аңшылықтың қызығы көздеп ату, мергендігін сынау, аңды жаралау. Ал олжаның еті мен терісін өзгеге бере салады. Тіпті, кейбірі атқан аңын сол жерде қалдырып, артына да қарамай кетеді. Қорықшылардың қынжылтатын бір мәселе де осы.
- Бұрын аңшылық көптеген отбасы үшін күнкөріс көзі болған. Адамдар отбасын асырау үшін аң аулап, олжасын үйіне алып қайтатын. Қазір жағдай өзгерді. Азық-түлікті дүкеннен де, базардан да сатып алуға болады. Сондықтан аңшылық тек олжа табумен шектелмеуі керек. Аңшы заңды сақтап, табиғатқа жауапкершілікпен қарап, жануарлар дүниесіне зиян келтірмеуі қажет. Аңшылық мәдениеті дегеніміз осы, - деді Батыржан Сейдомар.
Аңшы Санат Полат та бұл мәселені жоққа шығармайды. Ол өзімен аңға бірге шыққан жандардың арасында олжасын азық етпек түгілі, оны қалай тазалап, мүшелеуді білмейтіндер де кездесетінін айтады.
- Өзім аңнан алған олжамды да, балықты да үйге әкеліп, тазалап, асқа дайындаймын. Өйткені аңшылық тек мылтық алып, аң атумен шектелмейді. Олжаны кәдеге жаратып, табиғатқа жауапкершілікпен қарау керек. Аңды атып алып, далада қалдырып кетуді құптамаймын. Бұл дұрыс емес, — дейді Санат Полат.
Бұл істе жауапкершілік олжаны кәдеге жаратумен ғана шектелмейді. Аңшы рұқсат құжаты мен заң талаптарын да ескеруге тиіс.
- Мәселен, аңшы үйрек аулауға рұқсат алып, оны атты делік. Бірақ олжасын өзімен бірге алып кетпесе де, аңшылық қағидаларына сай тиісті белгіні қоюға міндетті. Бұл талапты орындамаса, аңшылық ережесін бұзған болып саналады. Ал өзге заң бұзушылықтардың бар-жоғы оқиғаның мән-жайын тексеру барысында анықталады, - деді СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің басшысы Олег Беспалов.
Рұқсат қағазы заң бұзуға құқық бермейді
Аңшылық туралы сөз қозғағанда, браконьерлік мәселесін айналып өту мүмкін емес. Бұл әлі де өзекті тақырып. Бірі заңды ашық бұзса, енді бірі оның талаптарын айналып өтудің амалын іздейді.
Мәселен, кейбір аңшылар қолындағы рұқсат қағазға сеніп, қай жерде де аң аулауға болады деген түсінікпен жүреді екен. Бірақ берілген рұқсаттың да шекарасы бар. Бір аңды аулауға берілген құжат кез келген алқапта аң атуға құқық бермейді. Кейбірі осындай айлаға салып, аңшылық ережесін белден басып, табиғатқа зиян келтіреді екен.
- Браконьер дегеніміз — заңсыз аң аулайтын адам. Ол мемлекеттік қызметкер, кәсіпкер немесе басқа салада жұмыс істейтін азамат болсын маңызды емес. Егер заңсыз аң ауласа, ол — браконьер. Ал жануарлар дүниесін қорғауда қорықшылар мен инспекторлардың орны ерекше. Олар әрдайым бақылау жүргізіп, жабайы жануарлардың заңсыз аулануына жол бермеуге күш салып, өз үлесін қосып келеді, - деді қорықшы.
Бұл ретте заңсыз аң аулаудың алдын алу үшін тексеру мен бақылау жұмыстарын жүйелі жүргізу маңызды.
- Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мемлекеттік инспекторлары құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп, арнайы рейдтер ұйымдастырады. Мұндай іс-шаралар жыл бойы үздіксіз жүргізіліп келеді, — деп хабарлады ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.
Жалпы, жануарлар дүниесіне жанашырлық пен табиғатқа жауапкершілікпен қарауды бала кезден бойға сіңіру маңызды. Батыржан Сейдомардың айтуынша, мұндай мәселелердің түпкі шешімі тәрбиеге мән беру. Өскелең ұрпақ аң-құсты қорғауды, табиғатты аялауды ерте жастан үйренуі керек.
Қорыта айтқанда, елімізде аңшылық мәдениеті қалыптасып, оған деген қызығушылық артып келеді. Саятшылықты серік етіп, ата дәстүрдің тамырын үзбей жүрген жандар да аз емес. Тіпті аң аулауға арнайы келетін шетелдік аңшылар да бар. Алайда қордаланған мәселелер де жоқ емес. Ендігі міндет — аңшылық мәдениетін одан әрі өрістетіп, заңсыз аулауға тосқауыл қою және табиғатқа деген жанашырлықты жас ұрпақтың бойына сіңіру. Өйткені аңшылықтың абыройы атқан аңның санымен емес, табиғат алдындағы жауапкершілікпен өлшенеді.