Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
— Қару иесі қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілді. Алдын ала анықталғандай, оқиға 6 қыркүйек күні Зеренді ауданындағы аңшылық маусымы кезінде болған. Көкшетау тұрғынына тиесілі мылтықтан абайсызда оқ атылып, қайғылы жағдайға әкеп соққан, — деп хабарлады ведомство өкілдері.
64 жастағы ер адамға оқ тиіп, алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
Полицияның мәліметінше, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында үйлену тойынан кейін атыс шығарған бес адам 17 жылға бас бостандығынан айырылғаны хабарланған еді.