Аңшылық иттерді тіркеп, төбет пен тазылардың шежіресін жасау қажет - О. Әбдікәрімов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Аңшылық иттерді тіркеп, төбет пен тазылардың шежіресін жасау қажет. Бүгін Астанада «Аңшылық шаруашылығын дамыту және жануарлар дүниесін қорғау мен қолдау мәселелері» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде «Қансонар» аңшылар қоғамдық бірлестігі және аңшылық шаруашылық субъектілерінің республикалық қауымдастығының төрағасы Оралбай Әбдікәрімов осылай мәлім етті.

Жиын барысында Оралбай Әбдікәрімов ағымдағы жылдың жануарлар әлемін қорғау мен аңшылық құру саласында ауқымды шаралар күтетінін атап өтті. Оның айтуынша, биыл Қауымдастық осы бағыттағы заңнаманы жетілдіру жұмысымен айналысып, қоғамдық инспекторлар институтын қалыптастыруды аяқтауға күш салатын болады.

«Біз биылдан бастап қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қауымдастықтың қызметі аясында еліміздегі жануарлар дүниесін талдау мен тіркеу бағытында жұмысты жандандырамыз. Бұл ретте қоғамдық инспекторлардың қызметі аса маңызды. Себебі қазіргі күні жануарларды аулауға берілетін лицензия мен оларды тіркеудегі саны күдік туғызады», деді О. Әбдікәрімов.

Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта атқарылатын маңызды міндеттердің қатарында аңшылық иттерді тіркеуге қою шаралары бар. «Сонымен бірге, біз ұлттық төбет пен тазылардың шежіресін жасап, оларға арнайы паспорттар беруге де назар аударатын боламыз. Бұған дейін екі жыл қатарынан төбеттер мен тазылардың көрмесі Астанада өтіп келсе, енді көрме Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарында да жалғасатын болады. Астана қаласында сәуір айында Зоология институтымен бірлесіп қазақы төбет пен тазының бүгінгі жай-күйіне арналған халықаралық конференция өткізетін боламыз», деді О. Әбдікәрімов.