Анталиядан елге орала алмаған қазақстандықтар саны - 1018 адам

АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Скайэйрлайнз компаниясымен Қазақстанға Анталиядан ұшып келуді жоспарлаған қазақстандықтардың жалпы саны белгілі болды. Олар 1018 адам, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінен.

«Атап айтқанда, 6 маусымда, 211, 7 маусымда 212, 10 маусымда 182, 11 маусымда 413 адам ұшып шығуды жоспарлаған. Олардың негізгі бағыттары Анталиядан Алматы, Астана, Қарағанды және Ақтау қалалары», - делінген хабарламада.

Қазақстанның Анталиядағы консульдығының ақпаратына қарағанда, қазіргі уақытта Анталиядан елімізге бірнеше рейстер бар. Дегенмен, олардағы бос орындардың қанша екендігін анықтау мүмкін болмай отыр. Сонымен қатар кеше консульдықтың жәрдемімен 15 адам Алматыға оралды.

«ҚР Консульдығы мен банкротқа ұшыраған компанияның серіктесі «Куалитум тур» туристік операторы қазақстандықтардың еліне оралуына көмек көрсету үшін басқа да авиакомпаниялармен, туристік агенттіктермен белсенді келіссөздер жүргізуде. Бір рейсте 200-ден астам адамды тасымалдай алатын қазақстандық жеке компаниялармен де келіссөздер жасалуда. Бүгінде қазақстандық тарап Түркия билігінің ресми органдарына орын алған жайтқа байланысты көмек көрсету өтінішін жасады», - делінген хабарламада.

Қазақстан консульдығы азаматтарымызға көмек көрсету үшін барлық шараларды жасауда. Ал жоспарлаған күні ұшып кете алмаған адамдарға «Куалитум тур» қонақ үйлерге тегін тұруға қол үшін береді.