Anthropic ЖИ-ді теріс пайдаланудың жаңа қауіптерін анықтады – шетелдегі қазақ баспасөзі

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Фото: TRT

Шыңжаңдағы ең көне ағаштың жасы 15 ғасырдан асады – Жэньминь жибао

Шыңжаңдағы көне және құнды ағаштардың саны 31 мың түпке жетті. Бұл туралы Жэньминь жибао ақпараттық порталы Шыңжаң газетіне сілтеме жасап хабарлады.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, 15 қыркүйекте Шыңжаң автономиялық өлкесінің Орман шаруашылығы және жайылым басқармасы мәлім еткен ақпаратқа сәйкес, өңірде 30 897 түп көне ағаш пен 103 түп құнды ағаш бар. Сондай-ақ 36 аумақта 16 886 түп ағаштан тұратын көне ағаштар шоғыры анықталған. Өңірдегі ең көне ағаштың жасы 15 ғасырдан асады, яғни 1507 жылға жетеді.

Жэньминь жибао ақпараттық порталының мәліметінше, соңғы жылдары Шыңжаңда көне және құнды ағаштарды қорғау жұмыстары күшейтілген. Нәтижесінде жағдайы нашарлаған көне ағаштардың тіршілік қабілетін қалпына келтіруге мүмкіндік туған.

Қытайдағы қандасымыз Үрімжі марафонының чемпионы атанды – Harajorga

Қытайда тұратын қандасымыз Үрімжі марафонында топ жарды.

Қытайлық Harajorga порталының мәліметінше, 2026 жылғы Үрімжі марафоны 13 қыркүйек күні өткен. Биыл марафонға қатысушылардың саны алғаш рет 15 мыңнан асқан. Оның 67 пайызы елдің басқа аймақтары мен Кения, Канада сияқты алыс-жуық шет елдерден келген. Толық марафонда 5000 желаяқ жүгірген.

Ерлер арасында Қытайда тұратын қандасымыз, Моңғұлкүре ауданының тумасы Айқын Бақытбекұлы мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті. Оның финишке жету уақыты — 2 сағат 25 минут 58 секунд.

Айта кетейік, Айқын Бақытбекұлының марафонға бұл екінші рет қатысуы екен.

Қазақстан мен Иран Каспий экожүйесін қорғау бойынша ынтымақтастықты күшейтеді – Eurasia Today

Қазақстан мен Иран қоршаған ортаны қорғау және Каспий теңізінің экожүйесін сақтау бағытындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті.

Бұл туралы осы аптада Қырғызстанда шығатын Eurasia Today ақпарат агенттігі хабарлады.

Фото: Eurasia Today

Келтірілген деректерге сүйенсек, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Иранның Қазақстандағы Елшісі Әли Акбар Джоукармен кездесіп, екі елдің осы саладағы өзара іс-қимылын дамыту, ведомствоаралық байланысты күшейту және өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Иран елшісі министрді 23 қыркүйекте Тегеранда өтетін Тегеран конвенциясына қатысушы елдердің қоршаған орта министрлері кездесуіне шақырды.

Тараптар Каспий теңізінің экожүйесін сақтау екі ел үшін стратегиялық маңызы бар бағыт екенін атап өтті. Сонымен қатар дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты Әли Акбар Джоукарға Қазақстан-Иран байланысын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірілді.

Сондай-ақ апта соңына қарай Eurasia Today басылымында «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Шаһриар — мәңгілік поэзияның үні» атты әдеби кеш өтті» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді

Фото: Eurasia Today

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінде парсы поэзиясының көрнекті өкілі Мохаммед Хоссейн Шаһриардың шығармашылығына арналған кеш өткен.

Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, 18 қыркүйек күні Шығыстану факультетінде Алматыдағы Иранның Бас консулдығы және Мәдени өкілдіктің ұйымдастыруымен «Шаһриар — мәңгілік поэзияның үні» атты іс-шара өтті.

«Рухани шараның басты мақсаты — студенттерді шығыс классикалық әдебиетімен таныстыру, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту және жастардың поэзияға деген қызығушылығын арттыру», деп түйіндейді Eurasia Today.

Ташкентте автобуспен жолаушы тасымалдау бойынша рекорд тіркелді – ӨзА

Ташкент қаласында автобуспен жолаушы тасымалдау бойынша рекордтық көрсеткіш тіркелді. 15 қыркүйекте қаланың қоғамдық көлігін 1 млн 520 мың 113 жолаушы пайдаланған. Бұл туралы Ташкент қаласы Көлік басқармасы хабарлады, деп жазады «ӨзА» ақпарат агенттігі.

Хабарламада айтылуынша, ведомство рекордтық көрсеткіштің нақты себебін атаған жоқ. Алайда 14 қыркүйекте жоғары оқу орындарында екінші және одан жоғары курс студенттері үшін жаңа оқу жылының басталуы қоғамдық көлікке сұраныстың артуына әсер еткен болуы мүмкін. Бұл ретте аталған фактор рекордтың себебі ретінде ресми түрде расталған жоқ.

Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Астанада Қазақстан мен Өзбекстан туризм форумы өтті» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды

Фото: УзА

Өзбекстандық басылымның мәліметіне сүйенсек, Астанада «Өзбекстан мен Қазақстан: стратегиялық серіктестік және жаңа туризм хабтарын қалыптастыру» тақырыбында туризм форумы өтті. Жиынға екі елдің мемлекеттік органдары, дипломатиялық корпус, әуе компаниялары, туроператорлар, қонақүй бизнесі және БАҚ өкілдерін қоса алғанда, 300-ге жуық адам қатысты. Тараптар тікелей әуе қатынасын кеңейту, жаңа туристік бағыттарды дамыту және көлік байланысын жетілдіру мәселелерін талқылады. Қазір екі ел арасында аптасына 50-ден астам тұрақты рейс орындалады, соңғы бір жылда алты жаңа бағыт ашылған. Сонымен қатар қонақүй бизнесі, медициналық және сауықтыру, зиярат және гастрономиялық туризм салаларындағы ынтымақтастық перспективалары қаралып, бірлескен туристік өнімдер әзірлеу және екі елдің туристік әлеуетін үшінші нарықтарда ілгерілету мәселелері сөз болды.

Қытай-Қазақстан астық саудасы платформасы іске қосылды – Халық газеті

Қытай мен Қазақстан арасындағы астық саудасын дамытуға бағытталған онлайн платформа іске қосылды. Бұл туралы 5 қыркүйекте өткен екі елдің астық кәсіпорындары өкілдерінің кездесуінде жарияланды, деп хабарлайды Қытайдың Халық газеті басылымы.

Фото: Халық газеті

Аталған БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, платформа екі ел арасындағы астық саудасын цифрландыруға және кәсіпорындар арасындағы өзара байланысты жеңілдетуге бағытталған. Биыл мамыр айында Қытайдың Ұлттық азық-түлік және стратегиялық резервтер басқармасы мен Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі астық саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған болатын.

Сонымен қатар жаңа платформаны Қытайдың Ұлттық азық-түлік және стратегиялық резервтер басқармасының Астық саудасын үйлестіру орталығы мен Қазақстанның ұлттық астық сауда тобы бірлесіп әзірледі. Оның көмегімен екі елдің кәсіпорындары астық саудасын онлайн жүргізіп, сауда үдерістерін стандарттандыруға және өзара байланыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ осы аптада Халық газетінде «Қытай-Орталық Азия мәдени-туристік пойызы тұрақты қатынай бастады» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды

Фото: Халық газеті

Келтірілген деректерге сүйенсек, Қытайдың Сиань қаласынан Қазақстанның Алматы қаласына қатынайтын Y499 туристік пойызы 14 қыркүйекте алғашқы рейсіне шықты. Бұл Қытай-Орталық Азия мәдени-туристік пойызының тұрақты қатынасқа көшкенін білдіреді. 15 күн 14 түнге жоспарланған сапар «баяу саяхат» қағидатына негізделген. Пойыз жұмсақ ұйықтайтын купелермен жабдықталып, жолаушыларға жол бойында жүгін қайта тиеп әуре болмайтын қызмет түрін ұсынады.

Бағдарлама екі бағытты қамтиды. Бірінші бағыт Қорғас арқылы Алматыға дейін жалғасып, Қазақстанның табиғаты мен мәдениетімен танысуға мүмкіндік береді. Екінші бағыт Шыңжаңдағы Қанас пен Дуку тасжолы сияқты туристік нысандарды қамтиды. Сапар барысында дәстүрлі қолөнер мен Жібек жолының мәдениетіне арналған шаралар ұйымдастырылады. Үшінші туристік пойыздың қазан айының соңында жолға шығуы жоспарланған. Ұйымдастырушылар тұрақты қатынас Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы мәдени және туристік байланыстарды дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Anthropic ЖИ-ді теріс пайдаланудың жаңа қауіптерін анықтады – TRT

Жасанды интеллект мүмкіндіктерінің артуы оны кибершабуылдар, бақылау және биологиялық қару жасауға бағытталған зерттеулер үшін пайдалану қаупін күшейтіп отыр. Бұл туралы Claude моделін жасаған Anthropic компаниясы мәлімдеді, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы. 

«TRT»-ның дерегінше, 2025 жылғы желтоқсан мен 2026 жылғы тамыз аралығында компания шпиондық бағдарламаларды сатушылар, саяси мақсаттағы тұлғалар және мемлекет қолдайтын үгіт-насихат топтарының ЖИ-ді теріс пайдалану әрекеттерін анықтаған. Anthropic мәліметінше, ЖИ көмегімен күрделі кибершабуылдар ұйымдастыру үшін бұрынғыдай жоғары біліктілік қажет болмауы мүмкін.

Компания биологиялық қауіптерге де назар аударған. Anthropic зерттеушілері Claude-тан чикунгунья вирусының қауіптілігін арттыруы мүмкін зерттеуге гранттық өтінім әзірлеуге көмек сұралған жағдайды анықтап, оны бұғаттаған. Зерттеу вирустың жұққыштығы мен иммундық жүйеден жалтару қабілетін арттыруға бағытталған генетикалық өзгерістерді қарастырған. Компания мұндай жағдайларды ЖИ-ді теріс пайдаланудың жаңа әрі алаңдатарлық түрлері деп атап, үкіметтер мен технологиялық компанияларды қауіптердің алдын алу шараларын күшейтуге шақырды.

Алтайдағы үш мектеп «кітапқұмар мектеп» атанды – «Алтай ақпараты»

Қытайдағы қазақтар көп қоныстанған өңір Алтай аймағындағы үш мектеп Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесі деңгейіндегі «кітапқұмар мектептер» қатарына енді. 15 қыркүйекте жарияланған бағалау қорытындысына сәйкес, Алтай қаласындағы №3 орта мектеп, Қаба ауданындағы №1 бастауыш мектеп және Көктоғай ауданы Күрті ауылындағы малшыларға арналған мектеп аталған тізімнен орын алды. Осылайша, соңғы үш жылда Алтай аймағындағы бес мектеп автономиялық өлке деңгейіндегі «кітапқұмар мектеп» ретінде бағаланған. Бұл туралы «Алтай ақпараты» басылымы хабарлады. 

Қытайлық БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, бағалау мектептің кітап оқу бағдарламасы, кітапхана жағдайы, оқу үдерісіне кітап оқуды енгізу, мұғалімдердің оқушыларға кітап оқуға бағыт-бағдар беруі, дәстүрлі мәдениетті насихаттау, кітап оқу ортасын қалыптастыру және цифрлық ресурстарды пайдалану, классикалық шығармаларды оқу, ой жүгірту сияқты жеті бағыт бойынша жүргізіледі.

Айта кетейік, 2024 жылы Алтай қаласындағы тәжірибелік бастауыш мектеп, 2025 жылы Бурылтоғай ауданындағы №2 бастауыш мектеп осы атаққа ие болса, биыл тағы үш мектеп қатарынан тізімге енді.