Жаңа туған нәрестелердің өмірінің алғашқы сағаттарында-ақ антибиотиктерге төзімділікке байланысты гендер анықталуы мүмкін. Бұл туралы Мюнхенде өткен Еуропалық клиникалық микробиология және жұқпалы аурулар қоғамының конгресінде Салоникидегі Аристотель университетінің ғалымдар тобы хабарлады.
Зерттеушілер меконийді — 105 нәрестенің алғашқы нәжісін зерттеп, үлгілердің барлығына дерлік осындай гендер табылғанын мәлімдеді.
Ғалымдар тобының дерегінше, ең жиі кездескен гендер — oqxA және qnrS, олар кең таралған антибиотиктерге төзімділікпен байланысты. Орта есеппен бір үлгіде антибиотикке төзімділіктің сегіз гені анықталған. Авторлар мұны алаңдатарлық белгі деп бағалап, бұл жағдайға аналардан берілуі және баланың аурухана ортасымен ең алғашқы байланыстары әсер етуі мүмкін екенін болжайды.
Алайда бұл әзірге ғылыми конгрессте ұсынылған нәтижелер ғана, яғни рецензияланған ғылыми журналда жарияланған толық зерттеу емес. Зерттеушілер мұндай гендердің балалардың денсаулығына болашақта қалай әсер ететіні әзірге нақты белгісіз екенін атап өтті.
Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы микробқа қарсы препараттарға төзімділікті жаһандық денсаулық сақтау саласындағы ең ірі қауіптердің бірі деп атаған болатын.