***
Кеше Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Сенаттың бесінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясындағы қорытынды отырысы болды.Күн тәртібіне сәйкес депутаттар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Қырғызстан аумағында және Қырғыз Республикасы азаматтарының Қазақстан аумағында болу тәртібі туралы үкіметаралық келісімді талқылап, ратификациялады. Талқылау қорытындысы бойынша рұқсат беру құжаттарын қысқарту және мемлекеттік органдардың бақылау және қадағалау міндеттерін оңтайландыру мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілді. Отырыста сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» және «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды. Осы қорытын отырыста қаралған мәселелер жайында толық білгіңіз келсе, «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Сенаттың қорытынды отырысы» атты мақаланы оқыңыз.
«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару кеңесінің алғашқы отырысы болып өтті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі нөміріндегі «Басқару кеңесінің алғашқы басқосуы» атты тақырыптағы мақаласында. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры халықаралық тәжірибе негізінде мемлекеттік меншікті шоғырландыру үшін құрылғанын өздеріңіз білесіздер және мемлекет активтерін басқаруды жетілдіру, корпоративтік басқаруды жақсарту және елдің экономикалық өсуін қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігінен туындаған болатын. Алайда, әлемдік қаржы дағдарысы Қордың қызметіне кейбір түзету енгізді, Қордың елдің қаржылық және экономикалық жағдайын тұрақтандыру жөнінде өз саласына сәйкес келмейтін жұмыстың бағытымен айналысуына тура келді»,- деді Мемлекет басшысы.
***
«Алаш айнасы» газетіндегі «Өртене берсе орман да қалмас» деген мақалада жыл басынан бері Қазақстанда 17 дала, 298 орман өрті тіркелгені жазылады. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Л. Шапошникованың айтуынша, биылғы жылы табиғатқа 84 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірілген. Айта кетерлігі, орман өрті Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстарында аса үлкен көлемді қамтып отыр. Ал дала өрті Шығыс Қазақстан облысында жиі тіркелуде. Ғалымдардың пікірінше, ғаламдық жылыну да жер бетін оттегімен толықтыратын орман алқабының кемуіне ықпалын мейлінше молынан тигізіп отыр. Халықаралық ұйымдар таратқан деректерге қарағанда, жер бетінде күннің ысуы 80-ші жылдармен салыстырғанда 2 градусқа көтерілсе, ал Еуразия континентінің қақ ортасында орналасқан Қазақстанда ол көрсеткіш 4 градусқа дейін жеткен. Бұл туралы «Алаш айнасы» газетінен толығырақ оқи аласыздар.
Осы басылымда «Дат!» айдарымен берілген «Ұлт денсаулығына жасалынатын қамқорлықты саудаға салуға болмайды» деген тақырыппен сұхбатта С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті Ішкі ағзалар аурулары клиникасы директорының орынбасары, медицина ғылымының докторы, профессор Жақсыкелді Ақанов «Арақты қоғамды құртатынын, жамандық атаулының бастауы екендігін білсек те, осыған көпшілік әуес. Тойлар да ішімдіксіз өтпейді. Мен сізге айтайын, бейресми статистикалық дерек бойынша, түрмеге түсетіндердің 70-80 пайызы осы арақтың күшімен (мастықпен) қылмыс жасайды екен. Бір адам ішімдік салдарынан кісі өлтірген болса, оны қылмыс жасады деп жазалап, түрмеге тоғытамыз. Ал, шын мәнінде, ол қылмысты жасаған жалғыз өзі ме? Ол арақты сатқан саудагер, ол арақты тасымалдаушы, ол арақты өндіруші кәсіпорын, т.б. арақтың тұтынушыға дейін жетуіне ықпал еткендер неге жазықсыз қалуы керек?» деген ой айтады.
***
Кеше алматылық журналистер Лондон Ситидің Лорд-мэрі Олдермен Дэвид Вуттон және Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Дэвид Могал мырзамен кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастық және сауда байланыстары жөнінде мағлұмат алды. «Дэвид Вуттонның айтуынша, Ұлыбританияда Лорд-мэрді тұрғындардың өзі бір жыл мерзімге сайлайды екен. Ол негізінен азаматтық мәселелермен қоса, қаланы көркейту, абаттандыру, және жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, қайырымдылық тәрізді ауқымды шараларды жүзеге асырады»,-деп жазады «Айқын» басылымы бүгінгі санында жарық көрген «Алыс-беріс нағая түседі» атты тақырыпен шыққан мақалада.
Сонымен қатар осы басылымның бүгінгі санында «Антика әдебиеті» қазаққа керек» деген тақырыппен І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті Қазақ филологиясы кафедрасының профессоры Мұратбек Иманғазиновтан алынған сұхбат жарияланған. Атап айтқанда, «Антика әдебиеті» тақырыбына ден қойып, терең зерттеп жүрген ғалым М. Иманғазиновтың Білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғару оқу орнынан кейінгі білім департаменті «Оқулық» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының сараптама қорытындысы бойынша жарыққа шыққан «Антика адебиеті» оқу құралы жоғары оқу орындарында оқу үдерісіне пайдалануға ұсынылды.