Антикор QazaqGaz бағынышты ұйымында тергеу жүріп жатқанын растады

Фото: qazaqgaz.kz

QazaqGaz компаниясына бағынышты ұйымда тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресмм өкілі Арман Тілеукенов айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«QazaqGaz басшылары мен қызметкерлері ұсталды делінген ақпарат тарап жатыр. Бағынышты ұйымдардың қызметкерлерінің өкілеттігін асыра пайдалану мүмкіндігі фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Тергеу шаралары қылмыстық істің мән-жайын жан-жақты зерттеуді қамтамасыз ету мақсатында жүргізілді. Қазіргі уақытта аталған іс бойынша ешкім ұсталған жоқ, ешкімге айып тағылмады. Басқа ақпарат тергеу мүддесіне орай жарияланбайды», - деді ол брифингте.

Еске сала кетейік, бүгін Қазақстанның мұнай және газ кеңесі 21 қарашада QazaqGaz жүйесіндегі топ-менеджерлерді тінтіп, ұстап жатқанын хабарлаған еді.

Айтуынша, орталық аппарат басшысы мен «ҚазТрансГаз-Өнімдері» ЖШС еншілес компаниясының басшысы мән-жай анықталғанша қамауға алынған. 

Алайда олардың ұсталғанын Антикор жоққа шығарды.