Антикорға шағымданған Алматы облысының шаруалары егістіктің су құнын төмендетті

ҚОНАЕВ.Қаз Ақпарат - Антикорға шағымданған Алматы облысының тұрғындары ауыл шаруашылығы жерлеріндегі суармалы судың құнын төмендеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін БАҚ пен әлеуметтік желілерде Еңбекшіқазақ ауданының шаруа және фермер қожалықтары суармалы су тарифтерінің көтерілуіне және оның тапшылығына шағымданған болатын.

Осы жылдың басында бұл мәселені Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті қолға алды.

Департамент өңірдің ирригациялық желілерінің қызметіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізді. Талдау барысында ауыл тұрғындары ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысына және олардың суармалы су жеткізген тарифтеріне қанағаттанбайтыны анықталды.

2015 жылдан бастап өңірде 24 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істеген. Олар суды Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналынан 1 текше метр су үшін 78 тиыннан алып, ал шаруаларға бір гектар жер үшін 20 000 – 28 000 теңгеден берген. Осылайша монополист рөлін атқарып келген.

Шаруа қожалығының меншік иесінің айтуынша, бір маусымда ол 60 гектар жерді суарғаны үшін 1 млн теңгеден астам ақша төлеген.

Бұл ретте, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте атап өткендей, АШК монополияға қарсы органда өз тарифтерін бекітуі тиіс және олардың тарифі гектар жер үшін емес, бір текше метр су үшін есептелуі керек болатын.

Сонымен қатар, монополияға қарсы органның ақпараты бойынша 5 АШК-де тариф бекітілген. Тек 2 АШК суару арналарын пайдалану құқығына ие болған. Ал қалғаны АШК ауыл әкімдіктерінің теңгерімінде болған су объектілерінде өз қызметін жүргізе берген.

Қалыптасқан жағдай, суармалы суды жасанды түрде жоғарғы бағаға көтермелеуі арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің құқықтарының бұзылуына алып келді.

Шаруа қожалықтарының құқықтарын қалпына келтіру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынысы бойынша облыс әкімдігі «Алматы облыстық Су шаруашылығы» коммуналдық кәсіпорны түріндегі су шаруашылығының бірыңғай операторын құрып, оның балансына барлық суару желілерін өткізді. Қазіргі таңда кәсіпорын арналарды тазартумен айналысуда.

Сонымен қатар, БАК пен шаруа қожалықтары арасында бастапқы құны 1 текше су үшін 70 тиын болатын шарттарды тікелей жасасу рәсімі басталды.

«Сондай-ақ, АШК сыбайлас жемқорлық субъектісі болып табылмайтынын ескере отырып, облыс прокуратурасымен бірлесіп олардың қызметіне тексеру іс-шараларын жүргізу мәселесі талқылануда.

Нәтижесінде, ағымдағы жылы 30 000-ға жуық шаруа және фермер қожалықтары суды қолайлы бағамен алады. Бұл болашақ егінге және ауыл халқының әл-ауқатына оң әсер етеді»,- делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың басында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Безнеске жол» жобасын іске асыру туралы жариялады. Оның аясында кәсіпкерлердің құқықтары әкімшілік кедергілерден және лауазымды тұлғалардың заңсыз шешімдерінен қорғалады.