Әнұранымыз шырқалып, туымыз желбірегені - біздің маңдай теріміздің өтелгені - Галина Вишневская
«Бүгін жеңіске жетуім өте ауыр болды. Түнімен жауған жаңа қар кері әсерін тигізді. Ал жарыс басталар алдында күн жарқырап, күнге қарсы жүгіргенде қар көзге шағылысты. Екі күн қатарынан жарысқа шығу кез-келген спортшы үшін өте ауыр. Бүгін жарыс барысында ату түрінен аздап қателіктерге бой алдырдым. Бірақ, жылдамдық жағынан өзімнен кейінгі орын алған қытайлық спортшыдан басым болғанымды білдім. Ол ату жаттығуының біреуінен мүлде қателескенін байқадым. Сосын мен барынша одан асып түсуді көздедім. Ақыры мақсатыма жеттім. Қазақстанға бір өзім екі алтын жүлде сыйладым. Бұл - менің де, елімнің де жеңісі. Ең бастысы Қазақстанның Әнұранын Саппоро төрінде әуелеттік. Туымызды биіктен желбіреттік. Бұл спортшының еңбегі мен маңдай терінің өтеуі деген сөз. Өзге спортшыларымызға да сәттілік болсын деп тілеймін», -деп ағынан жарылды Галина Вишневская.
Естеріңізге сала кетейік, Бүгін биатлоннан із қуу жарысынан 10 шақырым қашықтықта алтын медальді Галина Вишневская қанжығасына байлады. Ол кеше биатлонның спринттік 7,5 шақырым жарыста чемпион атанған болатын.
фото:Ізтұрған Алдауев