Аңызға айналған ғарышкер-ұшқыш - «Қазақстан» телеарнасында қонақта

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сонау 1991 жылдың қазанында 45 жасында ғарыш кеңістігін бағындырып, Жерге абыроймен оралған, келесі жылы 70 жылдығын атап өтетін қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры (1988), Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы (1995) Тоқтар Әубәкіров бүгін, 2 мамыр күні «Қазақстан» телеарнасында «Сенбілік кездесу» бағдарламасының қадірменді қонағы болады.

Бұл туралы ұлттық арнаның баспасөз қызметінен хабарлады.

Зауытта токарь болып жұмыс істеп жүріп, ғарышты бағындыруға бел байлаған қадамдар, 7 күн ашық ғарышта болған ұмытылмас сәттер. Тоқтар Әубәкіров есімі Гиннестің рекордтар кітабына енген бірден бір қазақстандық, сонымен қатар картоптың жаңа сортына Тоқтар есімінің берілгені тағы бар.

Ең жақын араласатын достары Әкім Тарази, Марфуға Айтхожина, Ескендір және Дарико Хасанғалиевтер, немере-келіндері де «Сенбілік кездесу» бағдарламасының қадірменді қонақтары болып, басты қаһарманның өмірінен біз біле бермейтін қыр-сырларымен бөліседі.

Тоқтар ағаның атындағы көше Қазақстанның қай қаласында, Тоқтар Әубәкіров атындағы грант иегерлері қай университетте оқып жүр. Осы және басқа да сұрақтарға толық жауапты бүгін кешке, сағат 21.00-де «Қазақстан» телеарнасынан алуға болады. Жіберіп алмаңыздар!

«Қазақстан» телеарнасында ақпанның соңында жаңа форматтағы - «мемуарлық» жанрдағы «Сенбілік кездесу» атты жаңа бағдарлама шыға бастады. Жүргізуші Құрманбек Жұмағали танымал тұлғалардың ел білмейтін жеке өмірінің сырларын ашуға талпынады.