11:04, 19 Маусым 2009
Анжелина Джоли мен Брэд Питт Пәкістандағы босқындарға миллион доллар бөлді
НЬЮ-ЙОРК. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат /Әлия Алтынғазина/ - Голливудтық актерлар Анжелина Джоли мен Брэд Питт БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасына Пәкістандағы босқындарға көмек ретінде 1 миллион доллар берді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Елдің солтүстік-батысындағы үкіметтік әскерлер мен «Талибан» қозғалысының жасақтары арасындағы қақтығыстардың салдарынан ағымдағы жылы екі миллионнан астам пәкістандық үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Олардың 260 мыңы ғана БҰҰ басқармасы ұйымдастырған лагерьлерде тұрып жатыр. Пәкістанда сондай-ақ 2 миллионға жуық ауған босқындары да жүр. А.Джоли 2001 жылы БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасының Ізгілік елшісі болып тағайындалған болатын. Содан бері актриса әскери қақтығыстардан зардап шеккен көптеген елдерде болып, миллиондаған долларға қайырымдылық көрсеткен.