Бүгін Астанада өтіп жатқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің мерейтойлық сессиясы мен Сыртқы істер министрлерінің IV кездесуі барысында сөз сөйлеген Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.
«Біздің форумның аса өзекті міндеттерінің бірі - Ауғанстан проблемасын шешуге бағытталған бірқатар шараларды жүзеге асыру болып табылады. ЕҚЫҰ-ға өз төрағалығы барысында Қазақстан Ауғанстандағы жағдайды жақсартуға көп күш-жігер жұмсады. Ауғанстанға арналған жан-жақты көмекті әлі күнге жалғастырып келеміз», - деген Елбасы, Қазақстанның ауған жастарын оқытуды жалғастырып жатқанын, гуманитарлық жүктер жеткізіліп, әлеуметтік нысандар құрылысын қаржыландыру жүзеге асырылу үстінде екендігін жеткізді. Сондай-ақ Ауғанстанды өңірдегі тасымалдау жүйесіне толыққанды тарту үшін осы елдегі көлік инфрақұрылымын кеңейту шаралары әзірленіп жатқанын айтты.
«Халықаралық құрылымдар аясында әріптестерімізбен бірлесе отырып, есірткі трафигімен және есірткі өндірумен күрес жұмысы жетілдірілуде», - деді Н. Назарбаев.