АӨІСШК-нің сенім шаралары Ауғанстан бойынша Ыстамбұл процесі аясында қабылданған сенім шаралармен көп жағдайда сәйкес келеді және оларды толықтырады

None
АСТАНА. 29 маусым. ҚазАқпарат - Бейсенбі күні Вашингтонда «Ыстамбұл процесі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін талқылау» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өтті.

Отырыс Chatam House форматында, «Карнеги қоры халықаралық бейбітшілік үшін» беделді орталығының тұғырнамасында өтті, деп хабарлады ҚР-ның АҚШ-ғы Елшілігінің баспасөз қызметінен.

Шараның басты мақсаты - Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша Ыстамбұл процесінің және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралар жөніндегі кеңесі аясында алдағы жұмысты талқылау. Кездесуге АҚШ Мемлекеттік департаментінің, АҚШ сауда өкілі кеңсесінің өкілдері, сондай-ақ американдық сарапшылар қатысты.

Негізгі баяндамашылар ҚР-дың АҚШ-тағы Елшісі Ерлан Ыдырысов, Түркияның АҚШ-ғы Елшісі Намик Тан, сондай-ақ Түркия СІМ-нің өкілдері болды.

Өз сөзінде Е.Ыдырысов АӨІСШК-ның халықаралық салмағы мен танымалдылығы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 1992 жылы БҰҰ-да аталмыш халықаралық бастаманы көтерген уақыттан бері айтарлықтай артқанын атап өтті. Ол 2004 жылы қабылданған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Сенім шараларының каталогы әскери-саяси, экономикалық, экологиялық және адамзаттық өлшемдерді, сондай-ақ жаңа қыр көрсетулер мен қауіптерге қарсы әрекет ету мәселелерін қамтиды. Қазақстандық дипломат «дөңгелек үстел» қатысушыларының назарын Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің сенім шаралары ағымдағы жылдың 14 маусымында Кабул қаласында өткен Сыртқы істер министрлерінің «Азия жүрегі» конференциясында қабылданған Ыстамбұлдың Ауғанстан бойынша процесімен көп жағдайда сәйкес келетінін және сенім шараларын толықтыратынын атап өтті.

Түркия Елшісі Н.Тан Түркияның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске төрағалық ету аясында Анкара Кеңеске қатысушы мемлекеттер арасындағы диалог атмосферасын нығайту бойынша қызметін жалғастырғанын атап өтті. Түрік дипломаты осындай жұмыстың Ыстамбұл процесінің аясында да өткізіліп отырғанын айтты. Бұл бағыттағы тәжірибелік уағдаластықтарға үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 20 жылдығына арналған министрліктер кеңесінде  қол жеткізілуі мүмкін.