АӨІСШК прогресс жолында баяу, бірақ дұрыс жылжып барады - Ұйымның іс басындағы төрағасы, Түркия СІМ басшысы

АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат -АӨІСШК прогресс жолында баяу, бірақ дұрыс жылжып барады.

Бүгін Астанада өтіп жатқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің мерейтойлық сессиясы мен Сыртқы істер министрлерінің IV кездесуі барысында сөз сөйлеген Ұйымның іс басындағы төрағасы, Түркия Сыртқы істер министрі Ахмет Дәуітоғлы осылай мәлім етті.

Сөз арасында төраға Азия өңіріндегі ұзақ жылдарға ұласқан қақтығыстар мен дау-дамайларға тоқтала келе, бұлардың шешімін бір күнде табу мүмкін еместігін атап өтті. «Әрине, біз АӨІСШК жас ұйым екенін түсінеміз және сондықтан да біз бұрыннан келе жатқан қақтығыстар мен дауларды шешу мүмкін еместігін де білеміз. Дегенмен, пікір алмасулар арқылы біз АӨІСШК өңіріндегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа өз үлесімізді қоса аламыз», - деді А. Дәуітоғлы.   

Сонымен қатар, Дәуітоғлы кейбір жағдайларда тіпті ортақ көзқарастар ұстанатын мемлекеттер арасында да бір келісімге келу мүмкін еместігіне де тоқталып өтті.

«Сондықтан да АӨІСШК прогресс жолында баяу, дегенмен дұрыс жылжып келеді. Әрине, бұл бағытта саяси ерік-жігер аса қажет. Сондықтан да мен барлық мүше-мемлекеттердің АӨІСШК қолдау жасаудың маңыздылығын тағы еске салып өткім келеді», - деді А. Дәуітоғлы.