Ведомствоның мәліметінше, егер 2023 жылы агроөнеркәсіптік кешенді жеңілдетілген қаржыландыруға 140 млрд теңге бағытталса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1 трлн теңгеден асты. Оның ішінде республикалық бюджеттен тікелей 153 млрд теңге бөлініп, негізгі қаржы бюджеттен тыс көздер есебінен тартылды.
— Өткен жылы жылдық 5%-бен жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 650 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 8 млн гектардан астам егіс алқабы қаржыландырылды. Сонымен қатар қайта өңдеу кәсіпорындарын, бордақылау алаңдарын қолдау шаралары едәуір кеңейтіліп, ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизинг арқылы сатып алу көлемі ұлғайтылды, — делінген хабарламада.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің кредиттік ресурстарға қолжетімділігін арттыруға ерекше назар аударылуда. Кепілдік қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі мәселесін шешу мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы кепілдік беру тетігі кеңейтілді. Нәтижесінде берілген кепілдіктердің саны да, сол кепілдіктермен қамтамасыз етілген кредиттердің көлемі де айтарлықтай өсті.
— Қолданыстағы жүйенің тиімділігі жеңілдетілген кредиттердің қайтарым деңгейімен де расталып отыр. Жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 99%-ды құрады. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қаржылық тұрақтылығы жоғары екенін және кредиттік міндеттемелерін уақытылы орындап отырғанын көрсетеді, — деп хабарлады ведомстводан.
Қайтарымды жеңілдетілген қаржыландыру тетігін іске асырудың экономикалық тиімділігі де жоғары болды.
Атап айтқанда, бюджеттен тыс қаржы тартуға бағытталған бюджет қаражатының әрбір 1 теңгесіне 6,5 теңге көлемінде коммерциялық қаражат жұмылдырылды. Жеңілдетілген қаржыландыру өсімдік шаруашылығы кәсіпорындарының түсім құрылымындағы шығындар үлесін 10 пайызға төмендетеді. Бұл Қазақстанның дәстүрлі экспорттық нарықтардағы позициясын нығайтып, отандық өнім экспортталатын елдердің географиясын кеңейтуге ықпал етті.
Экспорт көлемінің артуымен қатар ішкі нарықтың негізгі азық-түлік өнімдеріне деген қажеттілігі толық қамтамасыз етілді. Ішкі нарықта өткізілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы құны 8 трлн теңгені құрады. Оның ішінде барлық түрдегі ет өнімдері — 3,5 трлн теңгеден астам, сүт және қышқыл сүт өнімдері — 1,2 трлн теңге, жұмыртқа — 260 млрд теңге, картоп — 520 млрд теңге, көкөніс пен жеміс-жидек — 2 трлн теңге.
Агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуы экономиканың сабақтас салаларында 10 трлн теңгеден астам мультипликативтік әсер қалыптастырып, өнеркәсіп, көлік, логистика және қойма инфрақұрылымы кәсіпорындарының қосымша жүктемемен жұмыс істеуіне ықпал етті.
Министрлік саланы мемлекеттік қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру жұмыстарын жалғастыруда. Биылғы жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген қаржыландыру көлемін 750 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
2026 жылғы дала жұмыстарын қаржыландыру үшін өтінімдерді қабылдау мен қаражат бөлу 2025 жылдың қазан айында басталды.
Ерте қаржыландыру тәжірибесі аграршыларға егіс маусымына алдын ала дайындалуға, тұқым, минералдық тыңайтқыштар, жанар-жағармай материалдары мен қосалқы бөлшектерді уақытылы сатып алуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар мал шаруашылығы мен қайта өңдеу салаларын жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары іске асырылуда. Биыл бордақылау алаңдарын қолдау бағдарламасы аясында жалпы сомасы 11,2 млрд теңгеге 27 жоба, оның ішінде жеті құс фабрикасы қаржыландырылды. Қайта өңдеу кәсіпорындарын жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 36,9 млрд теңгеге 51 өтінім мақұлданды.
2026–2030 жылдарға арналған Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында асыл тұқымды мал басын сатып алуға, шалғай жайылымдағы мал шаруашылығын дамытуға және жайылым инфрақұрылымын құруға жылдық 6% мөлшерлемемен жеңілдетілген кредиттер беріледі.
— Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы ауыл шаруашылығы техникасы паркін жедел жаңартуға ықпал етуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша техниканы жаңарту деңгейі 6,5%-ға жетті. 2026 жылы ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизинг арқылы қаржыландыру көлемін кемінде 300 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. Жыл басынан бері жалпы сомасы 203,8 млрд теңгеге қаржылық лизинг шарттары жасалып, соның нәтижесінде аграршылар шамамен 6,2 мың бірлік заманауи ауыл шаруашылығы техникасын сатып алады. Биыл техниканы жаңарту деңгейін 8%-ға дейін жеткізу көзделген, — деп хабарлады министрліктен.
Қабылданып жатқан кешенді шаралар жеңілдетілген қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруға, агроөнеркәсіптік кешенді технологиялық жаңғыртуға, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін көтеруге және Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
Еске сала кетейік, Қазақстанда аграршыларды жеңілдетілген қаржыландыру көлемі едәуір артты. Жаңа тетік арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен несие алып, егіс және егін жинау жұмыстарын уақытылы жүргізуге мүмкіндік алды.