АӨК-ті цифрландыру: Бірыңғай «Е-АПК» платформасы енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздегі агроөнеркәсіптік кешенді цифрландырудың соңғы кезеңі — бірыңғай цифрлық экожүйені құруды көздейтін «Е-АПК» платформасын енгізу. Бұл туралы Үкімет отырысында АШМ басшысы Айдарбек Сапаров айтты.
— Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландырудың соңғы кезеңі — бірыңғай цифрлық экожүйені құруды көздейтін «Е-АПК» платформасын енгізу. Бірыңғай платформа шеңберінде агроөнеркәсіп кешеніндегі барлық Ақпараттық жүйені біріктіру жоспарланып отыр. Бірыңғай цифрлық платформаны құру ауыл шаруашылығы жерлерін басқару, субсидиялау, өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы жүйесінің өзара байланысы арқылы қадағалаудың толық циклін қамтамасыз етеді, - деді министр.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда аграрлық секторды цифрландыру төрт ақпараттық жүйені қамтиды, олар:
• Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүйесі (ИСЖ);
• «E-Agriculture» агроөнеркәсіптік кешен салаларын басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі (ЕАСУ);
• Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі (ГИСС);
• «Ауыл Аманаты» халыққа кредит берудің ақпараттық жүйесі.
Бұдан бөлек, өсімдік шаруашылығында да ақпараттық жүйе әзірленіп жатыр.
Айта кетейік, елімізде бидай егу азайып, рентабельділігі жоғары дақылдар аумағы артады.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы кәсіпкерлеріне жеңілдетілген лизингке қаржы бөлу қашан басталатынын жазған едік.