АӨСШК елдерінің азаматтық форумы жұмысын бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұлттық-мәдени орталықтарының азаматтық форумы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елордамыздың 20 жылдық мерейтойы аясында өткелі отырған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесіне мүше елдер ұлттық-мәдени орталықтарының азаматтық форумына қош келдіңіздер. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Астана елімізге қуатты поссиянарлық серпін берді. Ол Қазақстанның көпұлтты халқына өзінің ортақ тарихи тағырының бірегейлігін сезінуге, өз күшіне сенуіне септігін тигізді» деген болатын», - деп атап өтті Гүлшара Әбдіқалықова.

Осы орайда ол биылғы форумның тақырыбы «Астанаға ыстық ықыласпен» деп аталуында терең мән бар екендігін атап өтті.

«Ол біздің бас қаламызға арналған баршаның ілтипаты мен сезімін көрсетеді. Сондай-ақ,  Мемлекет басшысының саяси көрегендігі мен батыл шешімінің арқасында пайда болып, бүгінде жаһандық мегаполиске айналып үлгерген әлемдегі ең жас елордаға деген сіздердің құрметтеріңізді білдіреді», - деді Мемлекеттік хатшы.

Айта кетейік, шара аясында «Астана - ұлы дала елінің жауһары» атты фотокөрме мен өңірлерден келген қатысушылардың сәндік-қолданбалы өнерінің көрмесі ұйымдастырылған. Сонымен қатар АӨСШК елдері ұлттық-мәдени орталықтарының қатысуымен Астананың 20 жылдығына арналған флэш-моб та өтті.