АӨСШК сарапшысы референдум туралы пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) сарапшысы, елші Исмат Джахан ханым Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында өткен брифингте референдум барысы туралы пікір білдірді.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Оның айтуынша, әріптестерімен бірге үш сайлау учаскесінде болып, дауыс беру процесін бақылаған. Елші учаскелердегі жалпы ахуалдың жақсы ұйымдастырылғанын атап өтті.

- Біз барған учаскелерде дауыс беру процесі жақсы деңгейде ұйымдастырылған. Азаматтар өз дауыстарын беріп, учаскелерден тыныш әрі тәртіппен шығып жатты, – деді Исмат Джахан.

Сондай-ақ ол дауыс беруге келген азаматтардың белсенділігіне назар аударды. Оның сөзінше, кейбір отбасылар дауыс беруге балаларымен бірге келген.

- Тіпті кішкентай балалардың да ата-аналарымен бірге келгенін көрдік. Бұл жас ұрпаққа саяси құқықтарды жүзеге асырудың маңызын көрсетеді, – деді ол.

Елші референдумды ұйымдастыруға жауапты комиссияның жұмысына жоғары баға берді. Оның айтуынша, дауыс беру учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да қажетті жағдай жасалған.

- Біз барған үш учаскенің әрқайсында бірнеше дауыс беру кабинасының бірі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Бұл – өте маңызды, – деп атап өтті Исмат Джахан.

Сонымен қатар ол халықаралық байқаушыларды шақырғаны үшін Қазақстан билігіне алғыс білдірді.

- Жалпы әсерім өте жақсы. Бізді байқаушы ретінде шақырып, жағдаймен танысуға мүмкіндік бергені үшін тиісті органдарға алғыс айтамын, – деді елші.

Бұған дейін әзербайжандық саясаттанушы Заур Мамедовтің пайымынша, Қазақстанда 15 наурызда өтетін референдум елдің саяси эволюциясының келесі маңызды кезеңі әрі мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту бағытының заңды жалғасы саналады.