Апат кезінде халық неге суды ұзақ күтеді — Қызылорда су жүйесі түсіндірді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Өткен аптадағы аптап ыстық Қызылорда қаласының коммуналдық қызметі қай деңгейде екенін көрсетті. Оның ішінде тіршілік нәріне сұраныстың артуы бұл саланың жұмысына сын болғаны рас.

Фото: "Қызылорда су жүйесі" МКК

«Қызылорда су жүйесі» МКК директоры Жасұлан Абатовтың айтуынша, 13-19 шілде аралығында қала халқы тәулігіне 104 мың текше метрге дейін су тұтынған.

— Бір аптада қала тұрғындарынан диспетчерлік қызмет пен 109 нөмірлі бірыңғай байланыс орталығына 120 өтініш түскен. Оның 84-і ауызсу, 36-сы кәрізсу жүйесіне қатысты. Мекемеде күнделікті таңғы сағат 8:00-ден кешкі сағат 18:00-ге дейін 5 бригада қызмет көрсетеді. Одан бөлек апатқа байланысты диспетчерлік қызмет үзіліссіз өтініш қабылдайды. Дегенмен, біз алгоритмге сәйкес магистралды құбырдағы ақауды қалпына келтіруге басымдық береміз, — деді мекеме директоры Жасұлан Абатов.

Фото: "Қызылорда су жүйесі" МКК

Бір аптада электр энергиясының үзілуі себепті 6 магистралды желіде ақау анықталған. Жұмысшылар резервті дизельді қондырғылардың көмегімен ақауды 15 минут ішінде қалпына келтіргенімен ауызсудың толық берілуі 45 минутқа дейін уақыт алады. Осы аралықта желіде қысым төмендейді. Ал су құбырлары мен резервуарларын қайтадан толтыруға біраз уақыт керек. Халықтың суды ұзақ күтетін себебі осында екен.

Жаз басталысымен ауызсуды бақша суарып, аулаға себу үшін пайдалану жағдайды жылда күрделендіреді. 

— Шілде айының басынан бері халыққа тәулігіне 92 мың текше метр су таратып отырмыз. Бұл көрсеткіш қыс мезгіліне қарағанда екі есе артық. Негізі халық санына қарай орташа есеппен 50 мың текше метр су жеткілікті. Алайда кейде жазда су пайдалану көрсеткіші 110 мың текше метрге дейін жетеді. Тұтынушыларға ауызсуды өзге мақсатқа пайдалануға мүлдем болмайтынын түсіндіріп, рейд ұйымдастырып тұрамыз, — деді Жасұлан Абатов.

Бұған дейін біз Қызылордада күннің ысуына байланысты электр энергиясын тұтыну көлемі күрт өскенін жазған едік