Апат салдарынан Алматы облысының 463 ауласы бірнеше тәулікке жарықсыз қалды

АСТАНА. Шілденің 24-і. ҚазАқпарат - Алматы облысының «Үштөбе-Көпбірлік» автожолында таяуда үзілген электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары аяқталды, деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысы Қаратал ауданында электр тарату желілерінің үзілуі салдарынан 5 ауылдың тұрғындары жарықсыз қалған болатын. Төтенше жағдайлар министрлігінен мәлім еткендей, шілденің 21-і күні түсте, Үштөбе-Көпбірлік автожолының 65-ші шақырымында қуаты 110 кВ-тық электр тарату желілері үзіліп, бағаналары құлаған. Соның салдарынан Қаңбақты ауылдық округіне қарасты: Ақжар ауылының - 83, Ақиықтың - 14, Алмалының - 149, Дөңшінің 41 үйі мен Қызылбалық ауылдық округі Көпбірлік ауылының 176 тұтынушысы электр жарығынсыз қалған еді.

Шілденің 23-і күнгі сағат 22:20-дағы мәліметтер бойынша, электрмен жабдықтау толығымен қалпына келтірілді.