Апатқа ұшыраған AZAL ұшағы екі ай бұрын техникалық тексеруден өткен

АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ биылғы қазан айында толық техникалық тексеруден өткен. Бұл туралы AZAL компаниясы АзерТАДЖ агенттігінің сауалына жауап берген.

Фото: АзерТАДЖ

AZAL әуе компаниясына тиесілі «Embraer 190» әуе кемесі 2013 жылы шығарылған және 4K-AZ65 нөмірімен тіркелген. 

Хабарламада былай делінген: «Өндірушінің сериялық нөмірі: 19000630. Ұшақтың жалпы ұшу уақыты – 15 257,22 сағат және 9 949 рет жерге қонған. Әуе кемесінің соңғы толық техникалық тексерісі 2024 жылдың 18 қазанында жүргізілді. Соңғы тексерістен бері 671 ұшу сағатын өткізген. 

Ал әуе кемесінің капитаны Игорь Кшнякин – мол тәжірибелі маман, ол 15 мың сағаттан астам уақыт әуеде ұшқан және 11 200 сағатында капитан лауазымында болған.

Бұған дейін хабарланғандай, Қанат Бозымбаев AZAL ұшағындағы шұрық-тесіктер туралы сұраққа жауап берді.