«Апатқа ұшқыштар кінәлі ме?» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 2 сәуір. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 2 сәуір, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінде «Қазақ этноауылы Омбыда бой көтереді» деген тақырыппен материал берілген. Омбы және Новосібір облыстарында тұратын қазақ қауымы өкілдерінің Керекуге сапары кезінде осындай уағдаластыққа қол жетті. Ал бұл жолы павлодарлықтар сыртта жүрген ағайындарымызға киіз үйлер, ұлттық киімдер мен домбыра, қобыз сияқты музыка аспаптарын, ана тіліміздегі әдеби-ғылыми кітаптарды сыйлады. Қолда бар деректерге қарағанда, қазір Ресейде 1 миллионға жуық қазақ тұрады. Жалпы, тарихтан белгілі бабаларымыз Алтай өлкесін, Новосібір, Омбы, Түмен облыстарын ежелден, сонау XVI ғасырдан мекен етіп келген.

Осы басылымның жазуынша, Парламент Сенатының депутаттары сайлаушылармен дәстүрлі кездесулері үшін үстіміздегі жылғы сәуірдің 4-і мен 14-і аралығында еліміздің аймақтарында болады. Еліміздің қалаларындағы, ауылдарындағы және шалғай елді мекендеріндегі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік нысандарды аралау жоспарланып отыр. Депутаттар жергілікті жерлерде қазақстандықтарды Парламенттің заң шығару қызметі, Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауын іске асыру тұрғысындағы жаңа заңнамалық бастамалар туралы хабардар етеді. Жергілікті өзін өзі басқару, инфрақұрылымдарды жетілдіру, әлеуметтік қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті қолдау, еңбекке тарту бағдарламасын іске асыру, қоршаған ортаны қорғау салаларындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылады.

***

«Айқын» басылымында «Апатқа ұшқыштар кінәлі ме?» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Қазақстандық біраз әуе компаниясы жұмысын тоқтатады! Кеше Парламентте осындай елең еткізерлік мәлімдеме жасалды. Осы күні «Үкімет сағаты» аясында қалаулылар алдында есеп беру үшін келген Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев осыны Қазақстаннан «көкке көз тіккен» барлық әуе компанияларының «көкесі» - ИКАО талап етіп отырғандығын мәлім етті. Ал депутаттар болса, бұған өз талаптарын үстемеледі: олар министрді барлық әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығын тексеруді күшейтуге міндеттеді. Әйтпесе, елімізде ұшақтар мен тікұшақтардың «ұшатын табытқа» айналу оқиғаларының жиілеуі парламентарийлердің де жүрегін шайлықтырып отыр. Көлік және коммуникация министрі осы орайдағы сөзін «авиация саласында ұшу қауіпсіздігі мәселесі орын алды» деген мойындаудан бастады. - 2008-2013 жылдар кезеңіндегі соңғы бес жылда Қазақстанда 21 авиациялық оқиға болды, - деп хабарлады министр Асқар Қуанышұлы. - Бұл оқиғалардың үшеуі - техниканың істен шығуымен, тағы үшеуі - ауа райы, құстар сияқты сырт­қы факторлардың ұшақтарға ықпал етуіне байланысты болды. Бірақ оқиға­лар­дың негізгі себебі - ұшу қауіпсіздігі техникасы ережелерін сақтамау, яғни адами фактор болуда!

Осы басылымның жазуынша, өткен жылы біздің Үкімет әдемі бір бастаманы заңдастырды. Ол - энергия үнемдеудің қайнар көзі ретінде үнемшіл шамдарды ғана конвейерлік өндірістен шығару. «Құп» дедік. Үнемшіл шамдар шыға бастады. Халық оларды қымбаттығына қарамай сатып алды. Жасыратын несі бар, энергия үнемделді, әрі үй бөлмелері бұрынғыдан жарығырақ жағдайға ауысты. Қысқасы, бәрі дұрыс, бәрі көңілден шығады. Қазір мынадай ой келеді: осы электр энергиясын үнем­дейтін шамдарды пайдалану тек халыққа қатысты іс пе? Бұл сұрақтың тууына өзіміз күнде көріп, көз әбден үйренген жағдай себеп болды. Қалаларымыздың барлығында дерлік көшелер биік бағанның басына орнатылған шамдармен жарық болып тұр. Бұл кешегі келмеске кеткен Кеңес зама­нынан қалған игі мұра. Енді сол игі мұра заманға сай үнем­шілдік талабымен байытылса қандай жақсы. Қалай деген­мен де көшені жарық қылған дұрыс, бірақ осы мемлекет қалтасынан кетіп жатқан шығын екені де ақиқат. Егер әлгі бағаналар басындағы шамдар үнемшіл соңғы үлгідегі шам­дармен алмастырылса, нұр үстіне нұр емес пе?! Өйткені бос шығын азаяды ғой. Бұл жайын толық білгіңіз келсе, газеттегі «Мемлекет неге үнемдемейді?» деген мақаланы оқып шығыңыз.

***

«Астана ақшамы» басылымында «Қоғамдық көлікке жүргізуші жетіспейді» деген мақала берілген. Астанада 80-ге жуық автобус бос қаңтарылып тұр. Өйткені қаладағы автобус парктеріне 300-дей жүргізуші жетіспейді.