Апатқа ұшыраған ауыл тұрғындарын малмен қамту - бірінші кезектегі мәселе!
Ол «Қызыл ағаштағы» және Шығыс Қазақстан облысындағы апатты жағдайларға байланысты мәселе қозғап, ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мырзаға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шығыс Қазақстан облысында қазір өте күрделі жағдай орын алуда. Ауылдардың ауданмен, облыс орталығымен байланысы үзіліп қалып отыр. Шығыс Қазақстандағы басты проблеманың бірі - жол жоқ. ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко Тарбағатай ауданына арнайы техникамен екі күн жүріп барды. Ал министр әрең жеткен жердегі ауылдардың тұрғындары сыртқы дүниеден хабар-ошарсыз қалғаны анық. Бұл жерде неге апат аймағына бір-ақ министр барып отыр? Өзге министрліктер де өздерінің атқаратын саласы бойынша бірден қолдау көрсетуі керек еді ғой. Баяғыда жаугершілік заманында шығыстан жау шапқанда, сонау батыстан, оңтүстіктен, орталық пен солтүстіктен батырлар бастаған қол бірден жетіп, ел қорғаған еді ғой! Ал қазір ұшақтар ұшып жатқан ХХІ ғасырда «Мерседес» мінген министрлеріміз табиғат апатына ұшыраған ауылдарға неге бара алмай отыр?!»,- деді депутат Т.Сыздықов.
Депутаттың айтуынша, ҚР Қорғаныс министрлігінің қаншама тікұшақтары бар? Тау-тасқа қарамай, өзен-көлді де кешіп өте беретін әскери озық үлгідегі техникалары да аз емес. Тасқын суға қамалып отырған ауылдарға арнайы техникалар барып, уақытша халыққа қызмет көрсетсе, қандай ғанибет болар еді. Сол секілді Көлік министрлігі өзге өңірлердегі жол құрылысын салатын мықты техникаларын жедел аттандырып, жарамсыз болған автокөлік жолдарын қалпына келтіргені жөн болары даусыз.
«Келесі мәселе - «Қызыл ағаш» ауылында болған апат. Ауылды қалыпқа келтіру үшін тұрғын үй салуға қаражат бөлінді. Тұрғындарға киім-кешек жеткізіліп жатыр. Тұрғындар ҚР Төтенше жағдайлар министрі В. Божкодан: «Әрі қарай күнімізді қалай көреміз?» - деп сұрайды. Өйткені малдары түгел қырылып қалды ғой. Ауласындағы техникасынан да айырылды. Әкеден балаға мұра болып келе жатқан дүние-мүліктерін де тасқын су шайып әкетті.
Мемлекетіміз үй салып береді. Ал тұрғындар әрі қарай қалай өмір сүрмек?! Олардың бар күнкөрісі мал шаруашылығы болды. Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ҚазАгро» холдингі және басқа даму институттарына мемлекет бюджетінен миллиардтаған қаржы аударылып келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері және аталған компанияның мамандары Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарына арнайы барып, мәселенің мән-жайымен тереңірек танысып, тұрғындарға қанша көлемде мал қажет екенін анықтаса, игілікті іс болар еді! Қазіргі заман талабына сәйкес апатты жағдайға тап болған аталған өңірлердегі ауылдардың тұрғындарына лизинг бойынша әр түрлі мал түрлерін бес, он жыл мерзімге беруге болады ғой.
Айталық, АҚ «ҚазАгро», АҚ «Даму» компаниялары қаражат бөліп, Павлодар, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы мал бағып отырған шаруашылықтардан жылқы, ірі қара және қой, қаз бен үйрек, оны зардап шеккен өңірлердегі тұрғындарға лизинг бойынша берсе, құба-құп болар еді. Есіктің алдында мал пайда болса, ауылдың тұрғындары ештеңеге алаңдамайды, болашақтарына деген сенімдері мығым болады. Үкіметке де наразылық білдірмейді.
Ол ауылдарға зауыт, фабрика сала алмаймыз. Басқаша жұмыс орындарымен қамту мүмкін емес. Олардың жұмыс орны - өздерінің төрт түлік малы! Малы болса, жұмыспен қамтылған болып есептеледі.
Әйтпесе, «Қызыл ағашта» салып берген үйдің 4 бөлмесін күзетіп отыра ма? Оларға жыл сайын қаржы берілмейді, киім-кешек те жылда жеткізілмейді. Осыдан кейін ол ауылдардың проблемаларын ұмытып кететін жаман әдетіміз және бар емес пе?!
Биыл көктемге әзірлеп отырған тұқымдарынан айырылды. Ұзақ мерзімге лизинг арқылы дәнді-дақыл тұқымдарын, тыңайтқыштарды, техникаларды алып беруге мемлекетімізде мүмкіндік бар ғой.
Өз азаматтарымызды осындайда демемесек, қашан қолдаймыз?! Тек қана халықтан жинаған қаржы мен киім-кешекті берумен шектелсек, елдігіміз қайсы?!
Апаттың зардабын қалпына келтіру оңай емес. Тек үй салып берумен барлық мәселе шешілмейді. Тарбағатай, Абай, Күршім, Үржар, аудандарындағы жағдай да оңай емес. Қатал қыстың суығында шығыс өңірде 50 мыңдай мал қырылды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің орынбасары, «ҚазАгро» компаниясының өкілі арнайы барып, күрмеуі қиындап тұрған осы мәселенің шешу жолдарын табуы керек деп ойлаймын.
Мәселен, әр отбасына кем дегенде екі-үш сиыр, екі-үш бие, он шақты қойды ұзақ мерзімді лизингке берсе, 5-10 жылдан соң қайтарып беруі тиіс болса, жыл сайынғы төлдері арқылы өзінің қорасын малға толтырып алар еді.
Ауылдағы әр адам биенің қымызын ішіп, сиырдың сүтін, айранын, ірімшігін пайдаланып отыр. Мал барда адам аш болмайды, өйткені күнде үкіметке қарап, «жәрдемақы бер» деп қолын созып отыра алмайды ғой. Апатқа ұшыраған ауыл тұрғындарын малмен қамту бірінші кезектегі мәселенің бірі!
Биыл ең болмаса картоп ексе, күздігүні отбасын азықпен қамтамасыз етеді. Қойлары қоздаса, қыста еттері болады.
Шығыс өңірінде кейбір білікті жастардың қалаға жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасалса, ол да дұрыс болар еді. Айталық, облыстағы Үлбі металлургиялық зауыты секілді алпауыт өндіріс орындары бірнеше азаматты жұмысқа алса, ол да апат шеккендерге қамқорлық болары сөзсіз. Ұлттық кадрлерді «мамандығы жоқ» деп сыртқа итерудің заманы өтті.
Алдағы уақытта тағы да проблемалар туындайды. Өткен жылдары ақылы оқып жүрген студенттердің ата-аналары келесі жылғы төлемақыны қалай береді? Бұрын малын сатып өтеген болса, енді қарызға беретіні де қалған жоқ. Яғни, апат аймағында туып-өскен студенттер оқуын жалғастыра алмайтындай қауіп төніп тұр. Сондықтан осы мәселенің шешімінің бірі апатқа ұшырған ауылдардың студенттерің мемлекеттік грантқа ауыстыруға қажет. Ол Білім және ғылым министрліктің үлкен жәрдемі болмақ»,- деді Мәжіліс депутат Тито Сыздықов.