Апатқа ұшыраған «Коста Конкордиа» кемесінен құтқарылған қазақстандықтар Римде сайлауға қатысуда

АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Италияның жағалауындағы Жерорта теңізінде қайырға тұрып қалып, апатқа ұшыраған «Коста Конкордиа» круиздік кемесінің бортында Қазақстанның үш азаматы болған еді.

Кеме апатқа ұшырағаннан кейін Қазақстан Елшілігінің консулдық бөлім қызметкерлері жерлестерімізбен байланыс орнатты.

«Қазақстан азаматтарының шетелдерде құқы мен мүддесін қорғау шеңберінде, сондай-ақ кеме бортында басқа да жерлестеріміздің болу мүмкіндігі туралы толық ақпарат алысымен қазақстандық консулдық қызметкерлері апатқа ұшыраған кеменің қызметкерлері эвакуацияланған Монте-Арджентариоға (Римнен 170 шақырым) барған болатын. Монте-Арджентарио қаласына келісімен Қазақстанның тағы да 4 азаматының жапа шеккені анықталды. Олардың барлығы Монте-Арджентарио мен Фиюмичино қалаларындағы қонақ үйлерге орналыстырылды», - делінген Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев таратқан баспасөз хабарламасында.

Оның сөзіне қарағанда, қазақстандық дипломаттар аталған апатты жағдай бойынша Қазақстанның 7 азаматының жеке бастары туралы мәліметтерді анықтады. Олар: Агеев Рустам, 12.09.1968 ж.;  Агеева Лола, 24.05.1984 ж.; Барбашева Виктория, 07.04.1983 ж.; Ряднова Кира, 30.09.1978 ж.; Корсунский Александр, 13.01.1979 ж.; Корсунский Владимир, 14.02.1981 ж.; Корсунская Наталья, 12.03.1955 ж.

СІМ ресми өкілінің хабарлауынша, қазақстандықтардың жағдайы қанағаттанарлық, олардың өмірі мен денсаулығына еш қауіп жоқ, тек ақша қаражаттары мен жеке заттары кеме бортында қалған. Консулдық қызметкерлері апатқа ұшыраған кеменің операторы болып табылатын «Costa Cruises» өкілдерімен, жергілікті билік өкілдерімен және жағалау күзетімен кездесу өткізіп, әңгімелесті. «Дипломаттарымыздың көмегімен қазақстандықтар Римге оралды. Оларға Елшілік барлық қажетті көмектерді көрсетті. Қазіргі кезде кеме апатынан құтқарылған Қазақстан азаматтары Римдегі Қазақстан Елшілігі жанынан құрылған сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысуда. Олар 15 қаңтар күні кешке Ыстамбұл арқылы Қазақстанға келеді. Туроператорлар олардың жол шығындарын өтейтін болады», - дейді А. Әбибуллаев.

Естеріңізге сала кетейік, 17 палубалық итальяндық «Коста Конкордиа» кемесі 13 қаңтар күні жергілікті уақыт бойынша сағат 10 шамасында Джильо аралына жақын жерде құм қайраңында саязға отырып қалды. Қолда бар мәліметтер бойынша, соққы кезінде кеменің корпусы бүлініп, қисайған. Апат кезінде оның бортында 3200-ге жуық жолаушы мен мыңнан астам экипаж мүшелері болды.

Бұған дейін БАҚ-тар оқиғаның сегіз құрбаны туралы хабарлаған болатын.